Жауын-шашын және су тасқыны: наурызда ауа райы қандай болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Кей өңірде су тасқыны болуы мүмкін/фото: shutterstock

Республика аумағында наурызда күн жылы болып, жауын-шашын мол жауады. Кей өңірде су тасқыны болуы мүмкін. Бұл туралы синоптиктердің көктемнің алғашқы айына жасаған болжамында көрсетілген.

Жауын көп жауатын өңірлер

«Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, наурызда ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1 градус жоғары болады, ал республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде норма шамасында болады. Бұл тізімге Жетісу облысы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік-шығыс жартысы, Абай облысының оңтүстік-шығысы кіреді.

Сондай-ақ жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан асады. Ал Ақтөбе, Ұлытау, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облысының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан мен Атырау облысының шығысында, Түркістан және Жамбыл облысының солтүстігінде норма шамасында жауады.

Солтүстікте қар жауады

Синоптиктер болжамына сәйкес, наурызда ауа райы құбылмалы болады. Кей күні қатты жауын-шашын жаууы мүмкін. Елдің солтүстігінде қар жауады,  батыс пен оңтүстікте жаңбыр мен қар аралас жаңбыр жауады. Жел күшейіп, бұрқасын жүреді, тұман түсіп, көктайғақ болады.

Алғашқы он күндегі ауа райы

Батыс өңірде алғашқы 10 күн ішінде ауа температурасы түнде -5…-15°С-тан 0…-5°С-қа дейін, күндіз 0…-8°С-тан -3…+7°С-қа дейін құбылады.

Солтүстік, орталық және шығыс өңірде түнде ауа температурасы -28…-38°С-тан -5…-10°С-қа дейін, күндіз температура -10…-20°С-тан 0…8°С-қа дейін біртіндеп жоғарылайды. Онкүндіктің соңында ауа температурасы төмендейді.

Оңтүстікте ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды: түнде -8…+2°С-қа дейін, күндіз +5…+15°С-қа дейін жылы болады.

Наурыз мейрамында ауа райы құбылады

Наурыздың екінші және үшінші онкүндігінде елдің солтүстік, орталық және шығысында ауа температурасы түнде -3…+2°С-тан -8…-15°С-қа дейін, кей жерде -20…-25°С-қа дейін, күндіз +5…+13°С-тан 0…-8°С-қа дейін құбылады.

Елдің оңтүстік-батысы мен оңтүстік жартысында кей күндері күндіз ауа температурасы +13…+22°С-қа дейін, ал қиыр оңтүстікте +27°С-қа дейін жылы болады.

Су тасқыны болуы мүмкін өңірлер

Көктемде су тасқыны болуы мүмкін өңірлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облысы тұр. Мұнда табиғи апат болу қаупі жоғары.

Орташа қауіп аймағына Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Павлодар, Түркістан, Алматы және Жетісу кірген.

Сондай-ақ тізімге Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары кірген. Бұл өңірде су тасқыны болу қаупі төмен.

Сәуір жылы болады

Болжамға сәйкес, сәуірде де күн жылы болады, сондай-ақ жауын-шашын мол жауады.

Ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1 градус жоғары, ал елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде норма шамасында болады.

Сәуірде жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, ал республиканың батысында, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктерінде нормадан көп жауады.

Сондай-ақ оқыңыз