
Көлік құралдары типін мақұлдау реестрінде жаңа Changan моделінің құжаты жарияланды. Автокөлік CS35 Max индексіне ие және бұған дейін ЕАЭО ақпараттық кеңістігінде бірнеше рет аталған болатын. Алдымен жаңғыртылған Volga нұсқаларының бірі ретінде, кейін ақпанның ортасында Ресейде саудаланатыны анықталды.
Кроссовердің ұзындығы 4540 мм, ал дөңгелек базасы – 2715 мм. Яғни бұл модель қазіргі таңда Қазақстанда ұсынылып отырған Changan CS55 Plus нұсқасынан сәл ғана үлкен.
Ал осьтер арасындағы қашықтық бойынша айырмашылық бар, CS35 Max 59 мм-ге ұзын.

Жаңа модельдің салонында бастапқы нұсқаларда 7 және 10,25 дюймдік экрандарды, ал қымбатырақ нұсқаларда екі 12,3 дюймдік дисплей болады. Нарыққа байланысты опциялар тізіміне кіріктірілген бейнетіркегіш, барлық орындықта жылыту механизмі, рөл, алдыңғы әйнек пен айналарда да жылыту жүйесі бар. Бұдан бөлек, панорамалық төбесі, климат-бақылау жүйесі, жүксалғыш қақпағының электржетегі, 360° шолу камералары, жүргізушіге көмек көрсету кешені және тағы басқа мүмкіндіктер кіреді.
Аталған жабдықтардың қайсысы Қазақстан нарығына келетіні әзірге белгісіз. Ол сатылым басталар уақытқа жақын белгілі болады.

Көлік құралдары типін мақұлдау реестріндегі деректерге сәйкес, капот астында 1,5 литрлік турбомотор орнатылған. Оның қуаты – 148 ат күші, ал айналу моменті – 280 Нм. Құжаттарда беріліс қорабының түрі нақтыланбаған, алайда өзге нарықтарда CS35 Max 7 сатылы роботтандырылған қораппен ұсынылады. Модель тек алдыңғы жетекпен жабдықталады.
Қазақстан автосалондарына бұл Алматыдағы AMMKZ зауытынан жеткізіледі. Бұл кәсіпорын Chery, Changan, Haval және Tank маркалы модельдерді құрастырады.
Еске салсақ, осыған дейін әйгілі Volga маркасы нарыққа жаңа келбетте оралатыны жайлы жазған едік. Қайта жаңартылған кеңестік модель Нижний Новгород қаласындағы зауытта өндірілетін болады.