
Араб елдерінен қанша қазақстандық турист елге қайта алмай отыр? Бұл сұраққа «Туристік Қамқор» қорының директоры Асылхан Есілов жауап берді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінде 2,5 мың қазақстандық турист бар. Олардың барлығы тур-кодпен сапарға шыққан азаматтар. Қор туристік операторлармен бірлесіп, оларды қонақүйлерге орналастырған.
«Ешкім далада қалып қойған жоқ. Сауд Арабиясында 200-ден аса турист бар. Олар да қонақүйлерге орналастырылды. Сондай-ақ Қатарда 1 мыңнан астам турист жүр », – деді Асылхан Есілов.
Қор басшысының сөзінше, барлық туристердің жағдайы бақылауда.
«Біз ешкімді ұмытпаймыз, қалдырмаймыз. Қазір жағдай бақылауда», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, 28 ақпан күні Иран тарапынан Біріккен Араб Әмірліктері аумағына жасалған соққылардан кейін аймақтағы ахуал күрделене түсті. Әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты бірқатар рейстер кейінге шегеріліп, шетелде жүрген қазақстандықтар елге қайта алмай отыр.
Әлеуметтік желіде Дубайдың әр ауданынан жарылыс дауыстары естілгені туралы жазбалар тарады. Тұрғындардың айтуынша, кей жерлерде ғимараттар дірілдеген. Кейбір куәгерлер әуеде зымыран іздері байқалғанын хабарлаған.