
Бүгін, 2 наурыздан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының артық бөлігін тұрғын үй несиесін ішінара немесе толық өтеуге қайтадан пайдалану үшін өтінім бере алады. Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған өтінім қабылдауды өз платформасында қайта іске қосты.
Өтінім қабылдау қаңтар айында тоқтатылған болатын. Банк жаңа талаптарға сәйкес otbasybank.kz порталындағы мобильді қосымша мен жеке кабинетті жетілдіру жұмыстарын жүргізді.
«2026 жылғы 31 қаңтардан бастап ережелерде «қарыз» термині «негізгі қарыз» деп өзгертілді. Енді зейнетақы жинақтарының артық бөлігі тек несие негізгі борышын өтеуге жұмсалуы мүмкін. Несие бойынша пайыздар, айыппұлдар, кейінге қалдырылған төлемдер және басқа да міндетті сомаларды қарыз алушы өзі төлейді», – деп хабарлады «Отбасы банк».
Банк төлем жасау тәртібін де өзгертеді. Алдымен клиент өз қаражатын пайыздар мен басқа да қосымша төлемдерге аударады, содан кейін зейнетақы жинақтарының артық бөлігін негізгі қарызды өтеуге бағыттайды. Ол үшін ағымдағы және арнайы шоттарда қажетті қаражат болуы шарт.
Еске салайық, «Отбасы банк» бірнеше қалада жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылдай бастады. Жылдық мөлшерлеме – 2% немесе 5%. Пәтерлер кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінеді.