184 мың адам тест тапсырады: наурыз айындағы ҰБТ басталды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: gov.kz

Қазақстанда наурыз айында өтетін ҰБТ басталды, ол 6 сәуірге дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, 184 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген және бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Олардың 74,4%-ы қазақ тілінде, 25,5%-ы орыс тілінде, 216 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдаған.

Талапкерлер қандай пәндерді таңдады

«Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика-Физика», оны талапкерлердің 18,7%-ы таңдаған. Яғни, бұл – болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 16,6%-ы «Биология-Химия», 10,3%-ы «Шығармашылық емтихан» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медициналық қызметкерлер мен шығармашылық саласының мамандары«, деп хабарлады ведомство.

ҰБТ шарттары

ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Сондай-ақ, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.

2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. Барлығы 120 тапсырма беріледі, ең жоғары балл – 140.

ҰБТ тапсыруға 4 сағат уақыт беріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Сондай-ақ оқыңыз