
Apple компаниясы 17-буындағы ең арзан өнімі – iPhone 17e смартфонын таныстырды. Жаңа тауар наурызда саудаға түседі. Бұл туралы компания сайтында 2 наурызда жарияланды.
Смартфонның басты ерекшелігі мен артықшылығы
Жаңа өнім «баға мен сапаның ғажап үйлесімі» деп таныстырылды. Өйткені гаджетке A19 процессоры мен компания өзі дайындаған C1X модемі орнатылған. Ол iPhone 16e-ге қарағанда екі есе жылдам жұмыс істейді.
Бұған қоса, ондағы камера жүйесі жетілген, ал төзімділігі артқан. 48 мегапиксель Fusion камерасымен ғажап суреттер түсіріп, 4K Dolby Vision видео түсіруге болады. Гаджет Ceramic Shield 2-мен қапталғандықтан, ол сырылу мен бүлінуден бұған дейінгі буындардағы өнімдерге қарағанда үш есе жақсы қорғайды.

MagSafe арқасында қолданушылар смартфонды сымсыз жылдам қуаттап, түрлі аксессуарларды қажетіне қарай қолдана алады.
Ал iPhone 17e ұстаған адам ұялы байланыс пен Wi-Fi жоқ жерде жүргенде, Apple-дың спутниктік функциясы өта қажет болғанда байланысқа шығуға мүмкіндік береді. Бұған SOS төтенше қоңырауы, жолда көмек, хабарламалар және «iPhone-ды табу» функциялары кіреді.

iPhone 17e қашан шығады
Ақ, қара және ақшыл күлгін түсті iPhone 17e смартфондарға 4 наурыз, сәрсенбіден бастап алдын ала тапсырыс беруге болады. Өнім саудаға 11 наурызда түседі.
«Клиенттеріміз өте ұзақ қызмет ететін өнім алғысы келетінін білеміз. iPhone 17e дәл осындай гаджет», – дейді Apple компаниясының iPhone өнімдерінің ғаламдық маркетингі бойынша вице-президенті Кайанн Дрэнс.

Бағасы қанша
iPhone 17e бағасы 599 доллардан басталады. Әлемнің 70-тен астам елі мен өңірі жаңа өнімге 4 наурызда Астана уақытымен кешкі сағат 20:15-тен бастап алдын ала тапсырыс беруге болады. Ал гаджет 11 наурыз, сәрсенбіде сатыла бастайды.
iPhone 17 гаджеті мен оның Air және Pro нұсқалары 2025 жылғы қыркүйекте таныстырылған. Оның бағасы 799 доллардан басталады. Ал iPhone 18 мен оның түрлі нұсқалары 2026 жылғы қыркүйектен нарыққа біртіндеп кіреді. Бұған қоса Apple биыл камерасы бар AirPods, AI-алқа мен ақылды көзілдірік секілді өнімдер шығаруды көздеп отыр.