Жаңалықтар

Ақылы жолдардан 87 млрд теңге түсті: ақша қайда жұмсалды

ақылы жол
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда ақылы жол көбейеді. Өткен жылы олардан 87 млрд теңге түсті. Бұл жөнінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлім етті.

Сөзінше, ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ел аумағында жалпы ұзындығы 4 мың 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі бар.

Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарланып отыр. Олар:

  • «Қарағанды–Балқаш–Бұрылбайтал» (554,6 км)
  • «Бұрылбайтал–Күрті» (226,4 км)
  • «Ақтөбе–Қандыағаш–Мақат» (89 км)
  • «Талдықорған–Өскемен» (773 км)
  • «Атырау–Астрахань» (277 км)
  • «Мерке–Шу–Бұрылбайтал» (78 км).

«Ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде (477 км) жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары биылғы жол-құрылыс маусымында қолға алынады. Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзартылмақ. Қазіргі таңда бұл өзгерістерді мемлекеттік органдар келісімде», – дейді Иманашев.

Иманашевтің сөзінше, былтыр ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түскен (2024 жылы – 48 млрд теңге). Бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп-ұстауға бағытталған. Атап айтқанда, 1 мың 456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынып, 354 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізілген. 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілген.

«87 млрд – қолдан жасалған сан емес»

Баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» басшысы Дархан Иманашевке «87 млрд теңге жасанды көрсеткіш емес пе және өсім тарифтердің қымбаттауынан ба, әлде жаңа учаскелер есебінен бе?» деген сұрақ қойылды.

«87 миллиард – нақты сан. Қолдан жасау мүмкін емес, себебі арнайы жүйе бар. Барлық ақпарат енгізіледі: кімнің қанша төлегені, көліктің нөміріне дейін тіркеледі. Жоспар бойынша биыл 100 млрд теңгеге жетеміз деп отырмыз», – деді ол.

Иманашев былтыр мың шақырымдай жаңа учаскелер қосылғанын, ал биыл ақылы жолдар учаскесінің саны алтыға артатынын да атап өтті.

Мұның алдында Көлік министрлігі елдегі бірнеше жол учаскесін ақылы ету туралы жоба әзірлегенін жазғанбыз.