Араб елдерінде қалған қазақ туристері қалай шығады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: коллаж kursiv.media

Таяу Шығыстағы он шақты елдің әуе кеңестігі әлі ашылған жоқ. Қазақстан ұрыс болған аймақтағы қазақ азаматтарын балама маршруттар арқылы әкелмекші. Бұл туралы бүгін брифингте көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.

«Таяу Шығыстағы он ел өзінің әуежайын жауып тастады. Бүгін шығарылып жатқан рейстер біреуден ғана. Сауд Арабиясы, Египет және Түркия арқылы ғана бір маршрут берілген. Екінші маршрут Сауд Арабиясынан шығып Пәкістан арқылы Қазақстанға келеді. Жоспарланып отырған негізгі екі маршрут осылар», – деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, қазір Air Astana мен SCAT-тың алты борты дайын. Әуе кеңістігі ашылып жатса, бірден рейс орындауға кіріседі. Сауранбаев сөзінше, қазір Араб елдерінде кемінде 5000-нан аса қазақ азаматтары бар, бірақ бұл цифр да үнемі өзгеріп тұрады.

Автобуспен де алып шығады

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың сөзінше, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әуежайлар жабық. Бірақ бұрын билет алып қойған жолаушыларды алып шығуға кейбір компанияларға рұқсат берген.

Транзитте билетсіз жүрген қазақстандықтар, сондай-ақ БАӘ мен Қатарда тұратын азаматтар да көрші ел арқылы шығарылады.

«Бүгін Дубайдан біздің азаматтарымыз мінген алғашқы автобус колоннасы жолға шықты. Күннің соңына дейін Оманнан 467 азаматымызды Қазақстанға қайтаруды жоспарлап отырмыз», – деді Бақаев.

Сауд Арабиясы арқылы да өтетін маршрут жасақталып жатыр: азаматтар Қатардан Эр-Риядқа, одан әрі Жиддаға автобустармен жеткізіледі, сол жерден қазақстандық әуе компаниялары елге рейстер ұйымдастырады.

Айта кетейік, Дубайдағы азаматтар алғашқы рейспен бүгін келуі керек. Шамамен үш жүзден аса қазақстандық Дубай – Алматы және Дубай – Астана рейстерімен келеді.

Сондай-ақ оқыңыз