БҰҰ-ның келесі бас хатшысы әйел болуы мүмкін

Жарияланды
БҰҰ-ның қазіргі бас хатшысы мен осы лауазымға үміткер дипломаттар / Сурет нейрондық желі көмегімен жасалған, бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Біріккен Ұлттар Ұйымын 2017 жылдан бері басқарып отырған Антониу Гутерриштің өкілеттік мерзімі биыл 31 желтоқсанда аяқталады. Ұйымның жаңа бас хатшысы лауазымына үміткерлерді ұсыну мерзімі былтыр 25 қарашада басталып, үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейін жалғасады. Биыл ұсынылған үміткерлер арасында көрнекті әйел дипломат та бар.

БҰҰ-ға жетекшілік етуге лайық деген азаматтарды ұйымға мүше елдер ұсына алады. Бас хатшыны Бас Ассамблея тағайындайды, алайда үміткерлерді алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі іріктеп, мақұлдауы тиіс. Бәрі ойдағыдай жүрсе, Қауіпсіздік Кеңесі бұл жұмысқа осы жылғы шілде айының соңында кіріспек.

Жетекші болуға кім лайық

БҰҰ бас хатшылығына әдетте халықаралық қатынастар саласында көп жылдық тәжірибесі бар кәсіби дипломаттарды әрі «орта державалардың» азаматтарын сайлайды. Ертеден сақталып келе жатқан дәстүрге сай, бұл лауазымға алпауыт мемлекеттердің саясаткерлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесінің (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай) өкілдері сайланбайды.

Гендерлік теңдік

Бас Ассамблея жаңа бас хатшыны сайлау тәртібіне қатысты 2025 ж. 5 қыркүйекте қабылдаған №79/327 қарарында: бұл қызметке, өкінішке қарай, әйелдердің бұрын-соңды тағайындалмағанына баса назар аударып, мүше мемлекеттерді үміткерлерді әйелдер қатарынан анықтап ұсынуға үгіттеген.  

Алғашқы үміткерлер

Ресми деректерге сәйкес, БҰҰ бас хатшылығынан үмітті деп әзірше мына екі қайраткер көрсетілген:

Рафаэль Мариано Гросси – аргентиналық дипломат, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры. Ұсынған – өз елі.

Р.Гросси / Фото: IAEA.org, бильд-редактор: Дастан Шанай

Мишель Бачелет Херия – Чилидің бұрынғы президенті (2006-2010, 2014-2018), ел тарихында мемлекет басшысы лауазымына сайланған тұңғыш әйел, 2018-2022 жылдарда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарған. Кандидатурасын Чили, Мексика және Бразилия бірлесіп ұсынған.

М.Бачелет / Фото: UN.org, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ұйым басшылығына ұсынылуына орай жасаған арнаулы мәлімдемесінде, Бачелет:

 «Біріккен Ұлттар Ұйымы өткеннің жетістіктерін аялап сақтаумен ғана шектелмей, болашаққа көз тігіп, ертеңгі күннің қамын ойлауы керек. […] Әлемде бейбітшілік орнатып, қақтығыстардың алдын алуды көздейтін стратегияларға гендерлік аспектілерді де кіріктіру қажет. Әйелдерді бейбіт әрі тұрақты қоғам құру процесінің белді қатысушылары деп тану – осы бағытта жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар БҰҰ-ның теңдік, ешкімді алаламау және әділдік мұраттарына адалдығын айғақтайды», – деген.

Ұйым аясында басшылық рөлдерге әйелдерді тағайындау, жалпы әйелдерді көтермелеу рухы мен мүше мемлекеттердің саяси мүдделері бір арнаға тоғысса, Бачелет ханым – өз елін ғана емес, әлемнің бас ұйымын басқарған алғашқы әйел болады деген үміт жоқ емес.

Сондай-ақ оқыңыз