
Чилидің Вальдивия қаласында әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған мәдени акция өтті.
Dimashnews хабарлауынша, мәдени акция Вальдивия апталығы аясында ұйымдастырылған. Дәстүрлі мереке мәдени, музыкалық және қоғамдық іс-шаралармен өріліп, ондаған мың тұрғын мен туристің басын қосқан. Биылғы шараға 60 мыңнан астам адам қатысқан.
«Бастама Чилидің әр қаласындағы Димаш жанкүйерлерінің қолдауымен жүзеге асты. Вальдивияға Калама, Сантьяго, Винья-дель-Мар, Консепсьон, Чильян, Лос-Анджелес және Темуко қалаларынан жиналған Dears қауымдастығы өкілдері арнайы келді. Кейбірі мерекеге қатысып, қазақстандық өнерпаз шығармашылығын жаңа тыңдарманға таныстыру үшін 850 шақырымға жуық жол жүріп өтті», – делінген ақпаратта.

Dimashnews жазуынша, нөсер жауынға қарамастан, акция қатысушылары қала жағалауында ақпараттық материалдар таратып, QR-кодтар арқылы келушілерге Димаштың әндерін тыңдау мүмкіндігін ұсынған.
Музыкалық бөлім La Grulla мейрамханасында жалғасқан. Онда камерлік кездесу және концерттік бағдарлама ұйымдастырылған. Бағдарлама аясында әнші Пабло Ромеро «All by Myself», «Mahabat Ber Magan», «Adagio» және «S.O.S.» композицияларын орындаған.
Айта кетейік, Қазақстанның халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген «2026 жылдың ең сымбатты еркегі» атағына үміткерлер қатарына енген.