Жаңалықтар

Иран бәріне дайын отыр – сарапшы

Иран
Фото: Shutterstock

АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы бүкіл Таяу Шығысты дүрбелеңге түсірді. Екі ел әскери әрекетін Иранның ядролық, зымырандық бағдарламаларын істен біржолата шығару шарасы ретінде көрсетіп жатыр. Ал Иран болса, қарымта соққы ретінде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына және Израильге соққы берді. Сарапшы Мұхит Асанбаев Kursiv.Media-ға Таяу Шығыстағы жанжал, оның Қазақстанға әсері туралы сұхбат берді.

Соғыс салдары

– АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соққы беріп жатыр. Тегерен бұған жауап ретінде Израиль мен Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базасын нысанаға алды. Бұл әскери қақтығыс па? Соғыс па? Қантөгіс ұзаққа созылып кетпей ме?

– Иран шағын ел емес. 90 миллионнан астам халқы бар. Әскери қуаты жағынан да осал дей алмаймыз. Меніңше, мұның бүкіл Таяу Шығысқа қатты әсері болады. Жалпы, халықаралық қауіпсіздік пен жаһандық экономика мәселелері ушығады. Бұл АҚШ тарапынан өте үлкен қателік болды. Мұның нәтижесі енді шығады.

– «Нәтижесі» дегенде нені меңзедіңіз?

– Нәтижесі –  тұрақсыздық. Қауіпсіздік мәселесінің шиеленісуіне қатысты халықаралық саудадағы жағдай ушығуы ықтимал. Өйткені Иранның аймақтағы ықпалы күшті.

«Иран бәріне дайын отыр»

Мұхит Асанбаев
Мұхит Асанбаев/фото: ҚСЗИ

– Аятолла Әли Хаменеи, тағы да басқа лауазымды тұлғалар қаза болды. Бір соққыдан 48 шенеунік опат болды деген ақпарат бар. Иран басшылықсыз қалған жоқ па?

– Жоқ. Шейіт болған Хаменеи былтырғы Иранға қарсы Израиль мен АҚШ бастаған «он екі күндік соғыстан» кейін биліктің тетіктерін жоспарлап қойған болатын. Яғни форс-мажор кезінде билік мәселесі қалай шешілуі керектігі алдын ала шешіліп қойған. Хаменеи қаза болған соң Иранның ұжымдық билік формасына уақытша өтуі – соның айғағы. Мемлекет басшысы, парламент спикері, жоғары соттың басшысы осы үшеуі билікті басқарып жатыр бүгін.

Оларды да өлтірсе, басқа адамдар орын басады. Кімдер екені белгіленіп қойылған. Иран бәріне дайын отыр.

Тіпті, шиизм дәстүріндегі ирандықтар үшін Хаменеидің Рамазан айында өлтірілуінде де символизм көп (яғни ол Хасан мен Хусейн сияқты қасақана өлтірілді, шейт болды дегенге келеді, мұны да атап өту керек).

Ал жалпы, жоғарғы басшының қаза болуы Иранды саяси тұрғыдан әлсіретпейді. Керісінше, билікті күшейтіп, халықты жұмылдыруы мүмкін. Оның үстіне, Қытай Иранға көмек қолын созуы да ықтимал.

– Таяу Шығыстағы Сауд Арабиясы, Қатар және БАӘ секілді араб елдері де жанжалға араласуы мүмкін бе?

– Иран неге Араб елдерін атқылап жатыр? Бұл елдерде АҚШ-тың әскери базалары орналасқан. Бұл араб елдері өздерінің қауіпсіздігін АҚШтан тыс қарастырмайды. Әуел бастан солай. Бұл елдер Иранның әуе шабуылдарына қарсы ғана қорғана алады. Басқа шара жасай алмайды. Араб елдері бұл жанжалдан өздерін алшақ ұстап келеді. Былтырғы қақтығыстан кейін Сауд Арабиясы және басқа бірқатар араб мемлекеттерімен Иранның арасы жылығандай болды. Олар да бір нәрсені жақсы түсініп отыр. Бұл жерде негізгі жанжал шығарып отырған ел Израиль.

АҚШ болса, Израильдің мүддесін күйттеп жүр. Қазіргі АҚШ-тағы қоғамдық пікірде Израильге наразылық өршіп келе жатыр. «Біз неге Израиль үшін қан төгіп жатырмыз? Біздің элита неге мұндай қадамға барып жатыр?» деген сауал жиі қойыла бастады.

– Бұл соғыс қанша уақытқа созылуы мүмкін?

– Жанжалдың белсенді фазасы болады. Ол бір-екі аптадан бір айға созылуы мүмкін. Бірақ қырғи-қабақ соғыс бұдан кейін жалғасуы немесе тоқтауы бірқатар басқа жағдайларға байланысты.

Соғыстың өзге елдерге әсері

– Ирандағы соғыстың бізге қандай әсері тиеді?

– Мұнай бағасы өсуі мүмкін. Өсіп те жатқан шығар. Ираннан мұнай алып жүрген ел Қытай болатын. Осы елге қиын болуы ықтимал. Бірақ мұнай бағасы қатты өседі деп те ойламаймын.

Бізге тікелей көп әсер етпейді. Тисе, әсері Әзербайжан мен Арменияға, Грузияға, Ресейдің Кавказдағы республикаларына тиюі мүмкін. Бұның өзінде тілге тиек етіп отырғанымыз – босқындардың келу мүмкіндігі. Ирандағы жағдайдың Қазақстанға тікелей әсері жоқ. Иран халқының 15-20 пайызы – әзербайжандар, ал 5-7 пайызы – түрікмендер. Сондықтан босқындардың дені Әзербайжанды немесе Түрікменстанды паналауы мүмкін. Алайда бұл жердегі шарт – тек қана жер бетіндегі әскери операция жасалса, соғыс ұзаққа созылса, онда халық жаппай бас сауғалап көшуі мүмкін.

АҚШ пен Израильдің көздегені – қысқа мерзім ішінде Иранның саяси басшылығын жойып, бейбіт келісімге келуге мәжбүрлеу. АҚШ жанжалдың екінші күні дипломатиялық арналар арқылы «осымен доғарайық» деген белгі беріп жатқаны туралы ақпарат бекерден бекер шықпайды.

АҚШ алға тартып келген аргумент

Пандора жәшігін сығалап ашып, қайта жапқысы келіп жатыр ма, сонда?

– Өйткені мемлекет басшысын осылай өлтіру ешқандай халықаралық құқыққа сай келмейді. Трамп бір елдің басшысын ұрлап, екіншісін өз елінде өлтіріп жатыр. Мұның бәрін көп ел жақсы түсініп отыр.

Бұл жайт Иранға серпін береді. Екі аптада жалжал тоқтайды деу тым оптимистік көзқарас болар еді. Иранның қорғануға толық заңды құқығы бар. «Егер бізге шабуылдасаңдар, Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базалары нысанаға айналады» деп шегелеп тұрып ескерткен болатын.

БАӘ – Израильмен етене жақын, одақтас ел. Сондықтан Сауд Арабиясы мен БАӘ арасында салқындық та бар. Сауд Арабиясы Йеменге қатысты БАӘ-ге қатаң талап қойғаны белгілі. Бұл талапты БАӘ мойындап, саудтардың айтқанына көнгені бар жақында.  

Осы жанжалдың себебіне тоқталсақ, Израиль Иранның зымыран бағдарламаларынан қауіп көретінін алға тартып отыр. АҚШ одақтасын қолдап, Иранның ядролық бағдарламасын құртамыз дейді. Бұл жайттар қаншалықты халықаралық нормаларға сай келеді?

– АҚШ былтырғы шабуылы кезінде ядролық бағдарламаны алға тартты. Биыл бұған «Иран халқын қолдауды» қосты. Халықты көтеріліске шақырды. Ал Израильдің Иранның ядролық бағдарламасы жайында әрбір АҚШ президенті әкімшілігі айтып жүргеніне ұзақ жыл болды. «Иран әне-міне ядролық держава болады» дегеніне 20 жылдан астам өтті.

Кезінде Иракта Саддам Хусейнді тақтан тайдыру үшін «ядролық қаруы» бар деп желеу айтылған еді. Кіші Джордж Буш Конгреске осы уәжбен барып, Иракқа басып кіргені бар. Кейін бұл ақпарат жалған екені анықталды.

Әңгімеңізге рахмет!