Иранда 182 оқушы мен ұстаз жаназасына мыңдаған адам жиналды (фото, видео)

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Иранның Минаб қаласындағы мектепте қаза тапқан оқушылар зираты
Жүзден астам оқушы мен мұғалім бір зиратқа жерленеді / фото: Иран СІМ/WANA/Handout via REUTERS

3 наурызда Иранның оңтүстігінде орналасқан Минаб қаласының мыңдаған тұрғыны 182 оқушы мен ұстаздың жаназасын шығарды. Олардың бәрі бір зиратқа жерленеді.

Кішкентай табыттар

Иран, Минаб қаласында мектеп оқушылары мен ұстаздардың жаназасы
Минаб қаласындағы азалы күн / фото: Tasnim/Amir Sadeghian

28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштерінің соққысынан әскери базаның дәл қасында орналасқан қыздар медресесінің күл-талқаны шықты. Иран мемлекеттік ақпарат құралдарының мәліметінше, білім беру мекемесінде кем дегенде 168 бала мен 14 ұстаз қаза тапты.

Иран, Минаб қаласында мектеп оқушылары мен ұстаздардың жаназасы
фото: Tasnim/Amir Sadeghian

Сейсенбі күні Минаб орталығында жүзден астам адамды жерлеу рәсімі өтті. Оған қара жамылған мыңдаған тұрғын жиналды. Қала көшелері Иран туымен қапталған кішкентай табыттарға толды.

Жеті жастағы бейкүнә періште

Иран, Минаб қаласында мектеп оқушылары мен ұстаздардың жаназасы
Оқушылар мен ұстаздарды ақтық сапарға шығарып салды / фото: Tasnim/Amir Sadeghian

Tasnim жариялаған суреттер мен видеолардан жергілікті халықтың марқұмдар суреттерін ұстап тұрғанын, аза тұтқан адамдардың қайғысын көруге болады. CNN телеарнасының дерегінше, қаза тапқан балалардың кейбірі бар болғаны жеті жаста еді.

Reuters дронмен түсірген сурет жариялады. Онда бір зиратқа жүзден астам көр арнайы техниканың көмегімен қазылып жатқанын байқауға болады.

Минабтағы қайғылы оқиғаға кім кінәлі

Иран, Минаб қаласында мектеп оқушылары мен ұстаздардың жаназасы
Кішентай табыт көтерген ирандықтар / фото: Tasnim/Amir Sadeghian

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қыздар медресесіндегі қайғылы оқиға үшін АҚШ пен Израильді айыптады.

«Мұнда 160-тан астам бейкүнә қыздың моласын қазып жатыр. Олар Америка мен Израильдің бастауыш мектепті атқылауынан қаза тапты. Балалар сүйегі бөлшектеніп кеткен», – деді парсы министрі.

Бұл уақытта АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Құрама Штаттар «мектепті әдейі атқыламайды» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз