Банк пен қаржы

Kaspi.kz табысты қайдан алып жатыр

фото: Kursiv Media

Kaspi.kz өзінің 2025 жылғы қаржылық есебін жариялады. Өткен жыл компания үшін жаңа нарықтарды бағындыру және қаржылық көрсеткіштерді еселеу кезеңі болды. Инвесторлар көптен күткен дивидендтердің қайта төлене бастауы және Түркиядағы Hepsiburada платформасының бірігуі экожүйенің ауқымын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Kursiv.Media 2025 жылдың есебін талдай отырып, компанияның табыс көзін анықтады.

Жалпы кіріс пен таза пайда: рекордтық көрсеткіштер

2025 жылдың қорытындысы бойынша Kaspi.kz-тің жалпы кірісі өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға өсіп, 3,1 трлн теңгені құрады. Ал Түркиядағы операцияларды (Hepsiburada) қосқанда, бұл көрсеткіш 4,1 трлн теңгеге (8,1 млрд доллар) жетті. Бұл 2024 жылғы 2,53 трлн теңгелік кіріспен салыстырғанда үлкен секіріс.

Компанияның таза пайдасы да айтарлықтай өсті. 2025 жылы шоғырландырылған таза пайда 10%-ға артып, 1,2 трлн теңгені құрады. Түркияны есепке алғандағы таза пайда көлемі 1,1 трлн теңгеге (2,1 млрд доллар) жеткен.

Сондай-ақ компания басшылығы Hepsiburada-ны сатып алғаннан кейін стратегиялық инвестициялар мен акционерлерге дивиденд төлеуді қатар алып жүруге мүмкіндік туғанын мәлімдеді. Төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша әрбір ADS (Америкалық депозитарлық қолхат) үшін 850 теңге көлемінде тоқсандық дивиденд төлеу ұсынылды.

Үш алып платформа: Marketplace, Fintech және Payments

Экожүйенің негізгі қозғаушы күші болып табылатын үш платформа да тұрақты өсім көрсетті:

  • Marketplace (Маркетплейс): Платформа арқылы жасалған жалпы сауда айналымы (GMV) 2025 жылы 11%-ға өсіп, 6,7 трлн теңгеге жетті. Сегменттің кірісі 23%-ға артып, 900 млрд теңгені құраса, таза пайдасы 369 млрд теңгеге (+6%) жетті. Әсіресе, e-Grocery (азық-түлікке тапсырыс беру) бағыты 53%-дық өсіммен ерекшеленді.
  • Fintech (Қаржы технологиялары): Берілген несиелердің жалпы көлемі (TFV) 13%-ға артып, 11,7 трлн теңгені құрады. Бұл ретте «Бөліп төлеу» (BNPL) өнімдері жалпы портфелдің 41%-ын алды. Финтех бағытының кірісі 20%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетсе, таза пайдасы 9%-дық өсіммен 355 млрд теңгені құрады.
  • Payments (Төлемдер): Төлемдердің жалпы көлемі (TPV) бір жыл ішінде 19%-ға ұлғайып, 44,2 трлн теңгеге жетті. Бұл сегменттің кірісі 659 млрд теңгені (+12%), ал таза пайдасы 433 млрд теңгені (+13%) көрсетті. Сондай-ақ, Алматыда алақан арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін «Kaspi Alaqan» қызметі іске қосылып, 3 айдың ішінде оған 500 мыңнан астам адам тіркелді.

Түркиядағы экспансия және 100 миллиондық мақсат

Компания басшысы Михаил Ломтадзе барлық стратегиялық қадамдардың (жаңа өнімдер, Түркияға инвестиция және дивидендтер) Kaspi.kz-ті 100 млн пайдаланушысы бар компанияға айналдыру мақсатына бағытталғанын атап өтті. Түркиядағы Hepsiburada платформасының тұтынушылар саны 11,8 миллионға жеткен. 2025 жылдың төртінші тоқсанында Түркиядағы сауда айналымы (GMV) 13%-ға өсіп, 71,5 млрд лираны құрады. Дегенмен, қазақстандық нарықпен салыстырғанда (бір тұтынушыға шаққанда 24,8 транзакция) Түркиядағы белсенділік әзірге төмен (6,7 транзакция). Компания болашақта осы айырмашылықты қысқарту арқылы табысты еселеуді көздеп отыр.

2026 жылға арналған болжамдар мен сын-қатерлер

Табысты жылға қарамастан, компания алдағы уақытта Қазақстан нарығында бірқатар макроэкономикалық және реттеушілік қиындықтар күтіп тұрғанын жасырмады. 2026 жылдың басынан бастап Қазақстандағы банктер үшін корпоративтік табыс салығы 20%-дан 25%-ға дейін көтерілді. Бұл Kaspi.kz-тің шоғырландырылған салық мөлшерлемесін шамамен 200 базистік тармаққа арттырады деп күтілуде. Оған қоса, Ұлттық Банктің минималды резервтік талаптарды күшейтуі сыйақыдан түсетін кірісті азайтуы мүмкін. Осыған байланысты компания 2026 жылы Қазақстандағы таза пайданың өсу қарқыны жалпы кірістің өсу қарқынынан төмен болуы мүмкін екенін ескертті.

Kaspi.kz 2025 жылы өзінің дәстүрлі нарығындағы көшбасшылығын нығайтып қана қоймай, Түркия арқылы халықаралық аренадағы ұстанымын бекітті. Алдағы уақытта компанияның басты назары e-Commerce бағытын дамытуға және 100 млн пайдаланушы шегіне жетуге бағытталмақ.

Еске сала кетейік, Kaspi.kz Таяу Шығыстан шыға алмай қалған клиенттеріне 35 мыңнан төлейді деп хабарлады