Жаңалықтар

170 млн теңге қарыз: Ақтөбедегі ірі наубайхана әлеуметтік нан шығаруын тоқтатты

«Ақтөбе-нан» әлеуметтік нан шығармайды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ақтөбе қаласының тұрғындары кейінгі кезде дүкен сөрелерінен «Ақтөбе-нан» кәсіпорны шығаратын нанды таба алмай қалды. Оған зауыттың әлеуметтік нан шығаруды уақытша тоқтатуы себеп болған.

Ресми мәліметтер бұл іркілістің артында кәсіпорынның қаржылай қарызы жатқанын байқатады. Десе де облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басқа кәсіпорындар әлеуметтік нан шығарып отырғандықтан, тапшылық жоқ деп сендіреді.

Кәсіпорын 170 млн теңге қарыз

Негізгі мәселе «Ақтөбе-нан» ЖШС мен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасындағы 170 млн теңге көлеміндегі берешекте жатыр.

2023 жылдың қараша айында кәсіпорын «Ramazan Elevator» компаниясымен 12 мың тонна бірінші сұрыпты ұн жеткізуге форвардтық келісімшарт жасасқан.

Бұл шикізат қала халқы үшін қолжетімді, жеңілдетілген бағадағы әлеуметтік нан шығаруға арналған еді.

Алайда уақыт өте келе нарықтағы ұн бағасының өсуі мен әлеуметтік нанның бекітілген тұрақты бағасы арасындағы алшақтық кәсіпорынды тығырыққа тіреді.

Өндіріс шығыны өнімнің өзіндік құнынан асып түсіп, зауыттың әрбір шығарған бөлке наны табыс емес, шығын әкеле бастаған.

Осы рентабельділіктің төмендігі салдарынан зауыт ӘКК алдындағы берешегін өтей алмады.

Арзан ұн енді жоқ

Корпорация тарапынан бірнеше мәрте жолданған талап-хат нәтиже бермегендіктен, «Ақтөбе» ӘКК қарыз толық қайтарылғанға дейін жеңілдетілген ұн жеткізуді тоқтату туралы кесімді шешім қабылдады.

Дәл осы себепті кәсіпорын әлеуметтік нан шығару бағытын уақытша кідіртуге мәжбүр болды.

Дегенмен, басқарма зауыт жұмысын тоқтатқан жоқ дейді. Кәсіпорын кондитерлік, макарон және нан-тоқаш өнімдерін шығаруды жалғастырып жатыр.

Орын алған жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қала халқын сабырға шақырып, нан тапшылығына жол берілмейтінін мәлімдеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қаладағы «Рамазан» және «Атамекен нан» секілді басқа да ірі комбинаттар әлеуметтік нанға деген сұранысты толық өтеуге қауқарлы.

Осылайша, зауыттар арасындағы өндіріс жүктемесін қайта бөлу арқылы тұрғындардың маңызды азық-түлікпен қамтамасыз етілуі бақылауда қала бермек. Бүгінде тараптар арасындағы мәселе жұмыс тәртібінде қаралып, қарызды өтеу мен өндірісті қайта жандандырудың тиімді жолдары іздестіріліп жатыр.

Бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейген.