ЕАЭО талабы: Қазақстан сырттан 5 мың тонна етті салық төлемей импорттайды

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭС) елдеріне сырттан келетін сиыр етіне қатысты кедендік ережелер өзгеріп, енді еттің белгілі бір көлемін баж салығынсыз, яғни жеңілдікпен әкелуге рұқсат берілді.
Бұл жеңілдік аясында Қазақстан мен Қырғызстан 5 мың тонна, Беларусь пен Армения 7,5 мың тонна, ал Ресей 100 мың тоннаға дейін сиыр етін салық төлемей импорттай алады.
Алайда бұл шешімнің өзіндік қатаң талаптары бар: мұндай жолмен әкелінген етті тек сол елде тіркелген ет өңдеуші кәсіпорындар ғана сатып алуға құқылы.
Сонымен қатар осы жеңілдікпен келген шикізаттан жасалған дайын өнімдерді Одаққа мүше басқа мемлекеттерге экспорттауға тыйым салынады, яғни ол тек ішкі нарықты қамтамасыз етуге арналған.
Жаңа тәртіп 2026 жылдың 9 наурызынан бастап ресми түрде күшіне енгенімен, оның әсері осы жылдың 1 қаңтарынан бастап туындаған барлық құқықтық қатынасқа бірдей қолданылады.
Бұған дейін Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров Үкімет брифингінде елдегі еттің нақты бағасына қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, базардағы ет бағасы 4 мыңнан аспауға тиіс.