
Иран билігі әлемдік энергия тасымалының күретамыры саналатын Ормұз бұғазының ресми түрде жабылғанын және ол жерден өтпек болған кез келген кемеге оқ жаудыратынын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters басылымы жазады.
Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілдері аталған су жолы арқылы өтпек болған кез келген кемені, соның ішінде мұнай танкерлерін нысанаға алып, жойып жіберетінін жариялады.
Бұл қадам әлемдік мұнай ағынының 20%-ын бұғаттап, жаһандық экономикаға үлкен қауіп төндіріп отыр.
Иран тарапы бұған дейін де стратегиялық маңызы бар бұл бұғазды жабатынын бірнеше рет ескерткен болатын, алайда бұл жолғы мәлімдеме бұрынғыдан да қатал әрі нақты шыққан.
«Бұғаз жабылды. Кімде-кім бұл тыйымды бұзып өтуге әрекет жасаса, біздің қарулы күштеріміз ол кемелерді отқа орап, су түбіне батырады», — деп хабарлады Иранның жоғары лауазымды әскери кеңесшісі мемлекеттік БАҚ арқылы.
Бұл шиеленістің ушығуына 28 ақпанда АҚШ пен Израиль тарапынан Иран аумағына жасалған әуе соққысы себеп болған. Бұған жауап ретінде Тегеран көршілес араб елдеріндегі АҚШ базаларына зымыранмен соққы беріп, соңында әлемдік мұнай тасымалының негізгі өткелін бұғаттауға шешім қабылдады.
Сарапшы Мұхит Асанбаев Kursiv.Media-ға берген пікірінде Иран бәріне дайын отырғанын айтты.