Жаңалықтар

Таяу Шығыстағы қақтығыс теңге бағамына қалай әсер етеді

Теңге бағамы қандай болады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың басталуы жаһандық тәуекелдерді арттырып, долларды «қорғаныс активі» ретінде нығайтып жатыр. Бұл үрдіс теңгеге қысым түсіреді. Дегенмен мұнай бағасының өсуі алдағы уақытта ұлттық валютаға қолдау көрсетуі мүмкін.

Ақпан айындағы теңге динамикасы

Halyk Finance шолуына сәйкес, ақпан айында теңге 0,7%-ға нығайып, 497,69 теңгеге дейін жетті.

Ұлттық банктің нарыққа шығаратын доллар ағынының азаюы мен шетелдік компаниялардың Қазақстанның құнды қағаздарына салған инвестицияларының кемуіне қарамастан, теңге құны артты.

Сарапшылар бұл кезеңдегі теңге тұрақтылығына әсер еткен қосымша факторлар әлі де терең талдауды қажет ететінін атап өтті.

Геосаяси жағдайдың долларға әсері

Наурыз айына жасалған болжамға сәйкес, Ұлттық банктің валюта сатылымы 1,150 млн долларды құрамақ. Бұл ақпанмен салыстырғанда жоғары болғанымен, өткен жылғы көрсеткіштерден төмен.

Осы жағдайда Halyk Finance теңге әлсіреуі мүмкін деп болжайды, себебі Таяу Шығыстағы қақтығыс пен логистикалық тәуекелдер әлемдік нарықта доллардың бағасын көтеріп жатыр.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы инвесторлардың дамушы елдердің активтерінен шығуына әкеп соғуы мүмкін.

Мұндай белгісіздік жағдайында Қазақстанның құнды қағаздарына деген сұраныс төмендеп, бұл теңге бағамына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ұлттық валютаны қолдап келген салық кезеңінің аяқталуы да бағамның төмендеуіне себеп болып отыр.

Мұнай бағасы және жаңартылған болжам

Соғыс қимылдарының салдарынан мұнай бағасы барреліне 79-80 доллар деңгейіне жетті. Қақтығыстың одан әрі ушығуы қара алтын құнын одан әрі қымбаттатуы мүмкін, бірақ тасымалдау тізбегінің бұзылу қаупі де бар. Бұл фактор мұнайдың жоғары бағасынан келетін оң әсерді жоққа шығарып, теңгеге қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Осы оқиғаларға байланысты Halyk Finance сарапшылары бұрынғы болжамдарын қайта қарады.

Егер бұған дейін мұнай бағасы 60 доллар болғанда теңге жыл соңына қарай 580–590 деңгейіне дейін әлсірейді деген болжам жасалған.

Енді Ирандағы қақтығысқа байланысты мұнай бағасының күрт өсуі теңгеге қосымша қолдау тудырады. Нәтижесінде ұлттық валюта бағамы бұрын болжанған деңгейден жақсырақ қалыптаспақ.

Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан Еуропада газ бағасы 28%-ға қымбаттаған.