
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ата-аналарды екпеден қорықпауға шақырды.
Министр ана ретінде де, дәрігер ретінде де әрбір ата-ана үшін ең басты құндылық – баласының қауіпсіздігі екенін жақсы білетінін жеткізді. Сөзінше, бүгінде елде қызылша ауруының өсуі тіркеліп жатыр. Бұл «қарапайым балалар инфекциясы» емес. Қызылша – асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін.
«Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан бірқатар шаралар қабылданды: 6–10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, екпені өткізіп алған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды, профилактикалық жұмыс күшейтілді. Қазір сырқаттанушылықтың өсу қарқынының төмендеуі байқалады, дегенмен жағдай баршамыздың ортақ жауапкершілігімізді талап етеді», – дейді ол.
Министр сенімді қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация алу деп атады. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденгенін атап өтті.
«Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын. Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз. Балаларыңыздың денсаулығына қамқорлық жасаңыздар. Екпені уақытылы алыңыздар», – дейді министр.
Бұған дейін елде қызылшаға қарсы қосымша вакцинация басталатынын министрлік мәлімдеген еді. Сондай-ақ мамандар ата-аналарға баланың вакцина салдырған-салдырмағанын eGov қосымшасы арқылы тексеруге немесе педиатрдан нақтылауға кеңес берді.