Қазақстанда 388 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Алматы жастар тұрғын үй бағдарламасы баспана
фото: shutterstock

Отбасы банк үйі жоқ отбасыларды баспанамен қамту мәселесі қалай шешіліп жатқанын хабарлады.

«Мемлекет сыйақысын алғандардың жалпы санының 388 799-ы – жеке баспанасы жоқ және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Олардың 237 688-і тұрғын үй кезегіне бұрын, kezekte.kz порталында тіркелген», – делінген хабарламада.

Банк мәліметінше, олар болашақта жылдық мөлшерлемесі 2%-дан басталатын жеңілдетілген заем алу үшін Отбасы банк депозиттерінде жоспарлы түрде қаражат жинауда. Тағы 151 111 адам 2025 жылғы 24 мамырдан кейін orken.otbasybank.kz порталында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылып, биыл ғана жинақтауды бастаған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша депозиттеріне мемлекет сыйақысы есептелген кезекте тұрғандардың ішінде I және II топтағы 12 059 мүгедек, 57 551 көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 10 679 отбасы, сондай-ақ «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 13 966 азамат бар.

«Сонымен қатар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің 303 406 жас қатысушысы да мемлекет сыйақысын алды. Олардың ата-аналары болашақта баспана сатып алуына негіз қалау үшін балалардың атына Отбасы банк депозиттерін ашқан. Биыл олардың шоттарына 9,6 млрд теңге көлемінде мемлекет сыйақысы есептелді», – делінген банк хабарламасында.

Салымшыларға сыйақы

Отбасы банктің салымшыларға төлеген сыйақысы биыл рекордтық сомаға жеткен.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша 2 530 829 салымшыға 124,4 млрд теңге төленген»,  – дейді Отбасы банк хабарламасында.

Ең жоғары 157 280 теңгені 591 709 адам алған. Оның ішінде 388 799-ы – тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар санатындағы адамдар да бар.

303 406 баланың атына ашылған депозитке 9,6 млрд теңге есептелген. 555 мыңнан астам шот онлайн ашылған. Көш басында – Шымкент, Астана және Алматы.

2026 жылы ең жоғары сыйақы 173 мың теңгеге дейін өседі. Ол үшін 200 АЕК (шамамен 865 мың теңге) жинау қажет. Банк сыйақысын қосқанда депозиттердің тиімді мөлшерлемесі жылына 14%-ға дейін жетуі мүмкін. Кейін салымшылар 3,5%-дан басталатын мөлшерлемемен тұрғын үй заемына қол жеткізе алады.

Сондай-ақ оқыңыз