
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жолдардың сапасы мен қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды.
Бектеновтің айтуынша, былтыр жергілікті жолдар мен көшелердің мүшкіл жағдайына қатысты азаматтардан келіп түскен шағымдардың саны 1,5 есе артып, 60 мыңға жуықтаған. Биылдың өзінде шамамен 7,5 мың шағым тіркелген.
«Әкімдіктер азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге тиіс. Уақтылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жөндеу барысына бақылауды күшейту қажет. Мәселен, тұрғындар Доссор-Ақтау, Атырау-Орал жолдарының жағдайы нашар екенін айтып келеді. Туризм саласының өкілдері болса, Жетісу және Абай облыстарында, оның ішінде Алакөлге апаратын өңірлік жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының сапасына шағымданды», – дейді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, сапалы жолдар – жайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қана емес, сондай-ақ өңірлердің экономикалық өсуі мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға да мүмкіндік береді. Жол құрылыстары мен жөндеу жұмыстарында технологияларды қатаң сақтау, жобаларды уақтылы іске асыру – тек Көлік министрлігінің ғана емес, әкімдіктерге де қатысты мәселе. Оны бірінші басшылар тұрақты бақылауда ұстауға тиіс.