
Өскеменнің экология мәселесін шешу үшін Қытай тәжірибесі зерттеліп жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Өскемендегі экология мәселесін көтерген депутаттарға берген жауабында баян етті.
Склярдың сөзінше, биыл ақпанда Экология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен атмосфералық ауаның сапасын басқару жүйесі бойынша кеңес өткен.
«Бүгінгі таңда Қытайда іске асырылған кешенді, ғылыми негізделген және жүйелі тәсіл жоғары тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты қазір аталған тәсілді Қазақстанда қолдану мүмкіндігі зерделеніп жатыр», – дейді Скляр жауабында.
Десе де, қандай тәсіл екені ресми жауапта жазылмаған.
Үкімет басшысының орынбасары Өскеменнің экологиялық жағдайын жақсарту мәселелері Экология министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бақылауында деп сендіреді.
Еске салсақ, жақында Экология министрі Ерлан Нысанбаев Өскеменде ауаның күрт ластануына өндіріс орындары емес, желдің соқпауы себеп болғанын айтқан.