
Ақтөбеде 25 жастағы ер адам 14 жастағы жасөспірімді зорлады деген күдікке ілінді. Полицияның хабарлауынша, қылмыстық іс қозғалды. Күдікті дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Тергеу органдары істің барлық мән-жайларын мұқият анықтап, зерделеп жатыр. Толық, әрі жан-жақты тергеу қорытындысы бойынша заңды және негізделген процестік шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне сәйкес, сондай-ақ кәмелетке толмағанның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады полиция.
Өңірлік Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Айгүл Нұркееваның хабарлауынша, қыз оқуын жалғастырып жатыр, жағдайы тұрақты. Оған қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Нұркеева қызбен және анасымен байланыста екенін, жағдайды жеке бақылауында ұстап отырғанын жазды.
БҚО-дағы шенеунікке қатысты іс
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қызмет атқарған ер адамға қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы негізінде іс қозғалған.
Жергілікті полицияның хабарлауынша, тергеу нәтижесінде кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану фактісі анықталмаған.
Қыздың өзі және анасы күдіктіге қатысты қандай да бір шағымы жоқ екенін, қарым-қатынастың өзара келісім негізінде болғанын айтқан.
Күдікті аудан әкімдігі бөлімдерінің бірінде қызмет атқарған. Арыз тіркелгеннен кейін ол атқарып отырған қызметінен босатылды.
Динара Закиеваның айтуынша, қыз бен оның ата-анасы психологиялық көмектен бас тартқан. Жергілікті уәкіл отбасымен байланыста. Тергеу жалғасып жатыр.