Банк пен қаржы

Қазақстанда алтынның 1 грамы бір жылда 37 мың теңгеге қымбаттады

алтын құймасы және Қазақстан туы
Ирандағы соғыс алтын бағасын көтеріп жіберді / фото: shutterstock

Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси ахуал инвесторларды тағы да тұрақты актив іздеуге мәжбүрледі. Соған байланысты әлемде, соның ішінде Қазақстанда да алтын бағасы күрт көтерілді. Кейінгі бір жылда оның құны шамамен 37 мың теңгеге қымбаттады.

АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранды атқылап, Тегеран Таяу Шығыстағы америкалық базаларды соққылауы бүкіл әлемдегі нарыққа айтарлықтай әсер етіп жатыр. Кейінгі үш-төрт күнде, әсіресе, алтын қымбаттады.

Бір күн бұрын инвесторлар салыстырмалы түрде тұрақты деп санайтын активтің бір унциясы 5400 доллардан асып түскен. 3 наурызда Астана уақытымен сағат 11:00-де алтын шамамен 5312 доллардан саудаланып жатыр.

Қазақстан Ұлттық банкі де бағалы металл құнын көтерді. Кейінгі екі аптаның ішінде алтынның 1 грамы шамамен 7 мың теңгеге қымбаттады.

Ұлттық Банк алтын бағасы

Салыстырар болсақ, тура бір жыл бұрын – 2025 жылғы 3 наурызда ҰБ алтынның 1 грамын шамамен 46 мың теңгеден сатқан. Содан бері оның құны шамамен 37 мың теңгеге қымбаттағанын көріп отырмыз.

Айта кетейік, Қазақстанда алтынның ең жоғарғы рекордтық бағасы 2026 жылғы 30 қаңтарда тіркелген. Сол кезде оның бір грамының құны 89 мың теңгеден асқан.