Жаңалықтар

Қазақстанда «Стрептоцид» дәрісінің бір сериясын қолдануға тыйым салынды

фото:shutterstock

Отандық өндірістен шыққан «Стрептоцид» дәрісінің бір сериясын қолдануға тыйым салынып, оны сатудан алып тастайды. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осындай шешім қабылдады.

«ҚР-ДЗ-5 № 003366 тіркеу нөмірі бар «Стрептоцид, 300 миллиграмм таблеткалар, контурлы ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан, картон қорапшада бес контурлы ұяшықты қаптама» дәрілік затын медициналық қолдануға тыйым салынсын және айналымнан алынсын», – делінген құжатта.

 Бұйрық бойынша, аталған сериядағы дәрі-дәрмектер барлық дәріханалардан, емдеу мекемелерінен және сауда нүктелерінен дереу жинап алынуы тиіс. Бұл партияны емдік мақсатта қолдануға және сатуға мүлдем болмайды. Ресми құжатта бұл серияға нақты не үшін тыйым салынғаны туралы ақпарат көрсетілмеген.

Стрептоцид – бактериялардың көбеюін тоқтататын микробқа қарсы танымал препарат. Ол негізінен іріңді жараларды, терінің қабынуын және тамақ ауруларын емдеу үшін қолданылады. Қазіргі медицинада бұл дәрі антибиотиктердің ертедегі түрі ретінде саналады.

Осыған дейін елде «Десилмакс» атты үндістандық препаратты әкелуге және пайдалануға ресми түрде тыйым салынған. Ол жыныстық қатынас кезінде ер адамның қуатын сақтау үшін қолданылады.