Жаңалықтар

Семейдегі Bala Park сауда орталығы өртенді

Семейдегі Bala Park ойын-сауық кешені өртенді / Фото: ТЖМ

Семейдегі Bala Park сауда-ойын-сауық орталығында үлкен өрт болып, адамдар өздігімен эвакуация жасаған, деп хабарлады ТЖМ. Өрт сөндірушілер келген кезде ғимарат отқа оранқан.

«Хабарлама түскен сәттен бастап алты минут ішінде күштер мен құралдар оқиға орнына жетті. Алғашқы бөлімшелер оқиға орнына жеткен сәтте ғимарат ашық жалынмен жанып жатты. Өрт өршіп, шатыр ішінара құлаған. Әкімшілік өкілдерінің айтуынша адамдар өздігінен эвакуацияланған», – деп хабарлады ТЖМ.

ТЖМ зардап шеккендер туралы ақпарат түспегенін айтты. Өрт ауыздықталып, қазір шоқтары сөндіріліп жатыр.

Куәгерлер Bala Park ойын-сауық орталығынан айқайлаған балалардың жүгіріп келе жатқанын видеоға түсірген. Бейресми ақпаратқа сәйкес, өрт кезінде ғимаратта жарылыс болған. Осыдан кейін СОО алдындағы автотұрақта дүрбелең басталған.

Аймақ полициясы Вala Park балалар ойын-сауық орталығында өрт туралы хабарлама сағат 19.10-да түскенін хабарлады.

«Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен шұғыл әрекет ету қызметінің өкілдері дереу келді. Қазіргі уақытта келушілер мен қызметкерлерді эвакуациялау жұмыстары жүргізілді», – делінген хабарламада.

Полиция оқиға орнын қоршап алды. Алдын-ала мәліметтер бойынша зардап шеккендер жоқ деп мәлімдеді.

Өрттің ауданы және оның себебі алдағы уақытта белгіленеді. ТЖД базасында 8 (7222) 35-38-36 жедел желісі ашылды, сол жерде жедел штаб ашылды.