Щучинскідегі жарылыс: қаза тапқандар саны артты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

26 ақпанда Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны сегіз адамға жетті. Бүгін «Авиценна Бурабай» ауруханасында ем алып жатқан науқастардың бірі қайтыс болды. Бұл туралы Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.

Ведомствоның мәліметінше, қазір зардап шеккендер ем қабылдауда. Төртеуі Көкшетаудағы облыстық көпбейінді ауруханада жатыр. Үшеуінің жағдайы ауыр. Бір науқастың денесінің 85 пайызы күйген, жағдайы аса ауыр.

«Науқас жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Күн сайын консилиум өткізіледі. Мамандар эфференттік терапия әдістерін қолдануда. Күн сайын Астанадағы Шұғыл медициналық көмек орталығына есеп беріледі», – дейді дәрігерлер.

Щучинскідегі жарылыс

Еске салсақ, 27 ақпанға қараған түні Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды. Жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалды. Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиғадан 28 адам зардап шекті. Ішінде 13-і ауруханаға жатқызылды, 8-і медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қайтыс болды.

Содан кейін Бурабай ауданының әкімі қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңге, ал зардап шеккендерге 1 млн теңгеден берілетінін айтты.

Жарылыста зардап шеккен бес отбасының несиелері демеушілік қаражат есебінен өтелетін болды

Сондай-ақ оқыңыз