
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек Щучинсктегі жарылыстан қаза тапқандар саны тоғызға жеткенін хабарлады.
«2 наурыздағы жағдай бойынша «Авиценна-Бурабай» стационарында төрт науқас қалды. Тағы төртеуі Ақмола облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде болды. Өңір дәрігерлері барынша күш салып, әрбір науқастың өмірі үшін күресуде. Бұл мақсатта барлық кадрлық әлеует, медициналық техника мен дәрілік препараттар жұмылдырылған. Алайда осы уақытқа қарай өкінішпен хабарлайтынымыз: Щучинскідегі стационарда жатқан ең ауыр хәлдегі екі науқас, оларды құтқару үшін қабылданған барлық шараларға қарамастан, қайтыс болды. Осылайша қаза тапқандар саны 9 адамға жетті», – дейді Нариман Ермек.
Щучинскідегі жарылыс
Еске салсақ, 27 ақпанға қараған түні Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды. Жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалды. Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиғадан 28 адам зардап шекті. Ішінде 13-і ауруханаға жатқызылды, 8-і медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. О баста 7 адам қайтыс болған.
Содан кейін Бурабай ауданының әкімі қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңге, ал зардап шеккендерге 1 млн теңгеден берілетінін айтты.
Жарылыста зардап шеккен бес отбасының несиелері демеушілік қаражат есебінен өтелетін болды.