
Халықаралық паралимпиада комитеті (IPC) Таяу Шығыстағы жағдайдың 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарына әсері жөнінде мәлімдеме жасады.
Ресми ақпаратта Комитет қазіргі ахуалдың 2026 жылы Паралимпиада ойындары аясында Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін жарысқа, сондай-ақ жалпы паралимпиадалық қозғалысқа ықпалын анықтау үшін қолда бар мәліметтерді жинап, сараптап жатқаны айтылған.
Бұл жағдай тек Паралимпиадаға қатысатын ұлттық паралимпиадалық комитеттерге ғана емес, барлық мүшелерімізге әсер етіп отырғанын түсінеміз. Ең алдымен, біз адамдардың қауіпсіздігі мен зардап шеккен жандарды ойлаймыз, делінген мәлімдемеде.
Ұйымдастыру жоспары өзгермейді
Соған қарамастан, Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың күшеюіне және халықаралық әуе рейстері кестесіндегі өзгерістерге қарамастан, IPC қысқы Паралимпиада-2026 ойындарын бұрын бекітілген жоспар бойынша өткізуді көздеп отыр.
Комитет қазіргі жағдайдың жарысты ұйымдастыруға, әсіресе делегациялардың қатынауына әсерін бағалап жатқанын мәлімдеді.
IPC барлық қатысушы делегациялармен және мүдделі тараптармен тығыз байланыста екенін атап өтті. Көптеген құрамалар қазірдің өзінде Еуропада оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Алайда Таяу Шығыстағы әуе кеңістігінің жабылуы кейбір қатысушылардың уақытылы келуіне әсер етуде.
Қазіргі кезеңде жекелеген делегациялар немесе спортшылардың мәртебесіне қатысты пікір білдірмегенді жөн көреміз. Дегенмен, Милан–Кортина-2026 ойындарын ұйымдастырушылармен бірлесіп, жағдайдан зардап шеккендер үшін шешім табуға бар күшімізді салып жатырмыз, делінген хабарламада.
Паралимпиада ойындары параспортшылар үшін төрт жылдықтың басты додасы. IPC өкілдері Милан–Кортина-2026 қысқы Паралимпиадасы қауіпсіз, сенімді әрі жоғары деңгейде өтетініне уәде берді.
Айта кетейік, Паралимпиада ойындарына Қазақстан атынан 7 спортшы қатысады.