Жаңалықтар

Таяу Шығыстағы дүрбелең: Иран қақтығысы қор нарығына қалай әсер етті

Фото: shutterstock.

АҚШ қор нарығы 2 наурыздағы сауда-саттықты құбылмалы сессиядан кейін тар диапазонда жабылып, S&P 500 индексі 0,04%-ға ғана өсім көрсетті, деп жазады Freedom Broker.

Нарықтың теріс аймақта ашылуына демалыс күндері АҚШ пен Израильдің Иранның жоғары басшылығы мен әскери нысандарына жасаған соққысы себеп болды.

Бұған жауап ретінде Иран аймақтағы бірнеше базаға шабуыл жасап, Ормұз бұғазы арқылы өтетін кез келген кемені нысанаға алатынын мәлімдеді.

Дегенмен әлемдік инвесторлар қақтығыстың салдары шектеулі болады деп үміттеніп, акциялардың арзандауын сатып алу мүмкіндігі ретінде пайдаланды.

S&P 500 құрамындағы 11 сектордың басым бөлігі төмендегенімен, ақпараттық технологиялар мен энергетика салалары өсім тіркеді.

Әсіресе, жеткізу тізбегінің үзілуінен қорыққан нарықта шикі мұнай бағасы күрт көтеріліп, энергетикалық сектор индексте көш бастады.

Мұнай қымбаттады

Мәселен, Brent маркалы мұнай 6,8%-ға қымбаттап, барреліне 77,8 долларға жетсе, WTI фьючерстері 6,3%-ға өсіп, 71,23 долларды құрады. Сонымен қатар АҚШ-та дизель отыны 12%-ға, ал табиғи газ 4,55%-ға қымбаттады.

Геосаяси шиеленіс мемлекеттік облигациялар нарығына да әсер етіп, 10 жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі 9 базистік тармаққа өсіп, 4,051%-ға жетті.

Инвесторлар мұнайдың қымбаттауы инфляцияны жеделдетеді деп қауіптеніп, облигацияларды қауіпсіз актив ретінде қарастырудан бас тартты.

Бұған ақпан айындағы ISM индексінің күтілгеннен жоғары болуы да қосымша қысым жасап, ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлеме бойынша шешімін қиындата түсті.

Осы фонда АҚШ доллары мен швейцариялық франк нығайып, еуро бағамы 1,02%-ға төмендеді. Алтын фьючерстері 2%-ға өсіп, 5350 долларға жетсе, биткоин 5,75%-ға қымбаттап, 69 350 доллар деңгейінде тұрақталды.

Технолгиялық сектор алда келеді

Технологиялық секторда Nvidia мен Microsoft акцияларының өсуі Nasdaq индексінің 0,36%-ға жоғарылауына септігін тигізді. Сондай-ақ Exxon Mobil, Chevron және ConocoPhillips сияқты мұнай алпауыттары мен қорғаныс саласындағы компаниялардың қағаздары инвесторлар арасында үлкен сұранысқа ие болды.

Нарықтағы тұрақсыздық кезінде бөлшек инвесторлар арасында ерекше екі мәміле байқалды: олар жаппай Energy Select Sector SPDR ETF (энергетикалық қор) мен Palantir акцияларын сатып алуға көшті.

Palantir қағаздары 5,8%-ға қымбаттап, инвесторлардың бұл компанияны жай ғана бағдарламалық жасақтама емес, қорғаныс секторына ставка жасаудың тиімді құралы ретінде қайта бағалағанын көрсетті.

Сарапшылар мұны жаппай дүрбелең емес, ықтимал ұзақ мерзімді жаһандық қақтығысқа дайындық ретіндегі «таңдамалы репозиция» деп атады.

Сарапшы Мұхит Асанбаев «Иран бәріне дайын отыр» деп тұжырымдайды.