Lifestyle

«Туған жеріңді көрген неткен ғанибет»: ресейлік әнші Маңғыстауда бейнебаян түсірді

Клава коко
Фото: видео кадры

Ресейлік әнші Клава Коканың Маңғыстауда түсірген бейнебаяны жарыққа шықты. Кадрларды көрген көпшілік еліміздің батысының тұмса табиғатына тамсанып жатыр. 

Клава Коканың «Сто шагов назад» әні желіге салынып, тыңдарман назарына ұсынылды. Ол осы әннің бейнебаяның түсіру үшін мыңдаған шақырым жерден арнайы келді.

«Біз мыңдаған шақырымды еңсеріп, ежелгі тартылып кеткен Тетис мұхитының түбіне, айналасынан оқшау тұрған, өз болмысымен-ақ батырлар туралы сыр шертетін қос жалғыз жартастың ортасына келдік. Бұл бейнебаяндағы әр локация – дара әрі айрықша. Ондағы әр қимыл мен әрбір деталь мен үшін сезім деңгейінде терең мағынаға ие. Символизмді сүйетін, астарына үңіліп, тереңдікке бойлауды қалайтын жандарға міндетті түрде көруге кеңес беремін», – деп жазды әнші клиптің үзіндісін салып.

Бұған дейін әнші бейнебаянды түсіру процесінен влог салып бастаған еді. Күні кеше сол влогының екінші бөлімін жариялады.

«Мен өзіме жаңа челленж жарияладым. «Жылдам тұтыну» жайлаған заманда көрерменіме әдемі бейнебаян түсіріп қана қоймай, әр кадрға бір мән жасырғым келді. Кейіпкерлердің сезінетін сезімін локацияларға қарап-ақ біле беруге болады. Мысалы мына тартылып кеткен мұхиттың ортасындағы қос жалғыз жартасты қараңыздар. Қазақстандағы қайталанбас жердің нағыз өзі», – деп тамсанып бастады әнші влогында. 

Бейнебаянды көрген көрермен тамсанып жатыр. Әншінің ресейлік достары «Клип ғажайып мекенде түсірілгендіктен әсем шыққан», «Өте керемет» деп жатыр. Сонымен қатар «Біздің Маңғыстау! Құдды басқа ғаламшар сияқты», «Туған жеріңді көрген неткен ғанибет» деген пікірлер де көп. 

Клава Кока - Сто шагов назад (Клип 2026)

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Клава Коканың қазақша үйреніп жүргенін жазған едік.