Жанкүйерлер сенбейді: Парижде марапат алған шынымен Джим Керри ме

Жарияланды 3 Наурыз 2026 11:24

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
коллаж: kursiv.media

Америкалық актер Джим Керридің Франциядағы беделді Сезар кино сыйлығына қатысуы желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік марапатты «Керридің өзі емес, басқа біреу алды» деп жатыр.

Не болды?

«Бетперде», «Соник» фильмдері арқылы әлемге танылған актер соңғы жылдары көпшілік алдына сирек шығатын. Кино саласынан кететінін мәлімдеп, тыныш өмір салтын таңдаған еді. Сондықтан оның Парижге келуі жанкүйерлер үшін күтпеген жаңалық болды.

Қызыл кілемде актер құрметті марапат алып, сахнада сөз сөйледі. Алайда желі қолданушылары оның сырт келбетіне ерекше назар аударды. Ұзын қара шаш, «қимылсыз» көрінген бет-әлпет – бәрі де күдік тудырған. Кейбір көрермендер актердің көзі, мимикасы, тіпті дауысы бұрынғыдай емес екенін жазды.

«Бұл Джим Керри емес»

Әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер қаптады. Бірі актер пластикалық ота жасатқан болуы мүмкін десе, енді бірі оның орнын дублер басқан деген ой айтты. Тіпті «нағыз Керри әлдеқашан жоқ» деген әсіре нұсқалар да тарады.

Желі қолданушыларының бір бөлігі:

«Адамның көзқарасын, дауысын, жүріс-тұрысын қолдан жасау мүмкін емес» десе, Екіншілері «Керри пластика жасатуы мүмкін емес» деп сенімді түрде мәлімдеді.

Тағы бір қызық нұсқа бойынша, енді «Джим Керридің рөлін басқа Джим Керри ойнап жүр», ал түпнұсқа актер шоу-бизнестен біржола кеткен.

Алексис Стоун жайлы нұсқа

Ең көп талқыланған болжамдардың бірі – сахнада британдық дрэг-артист Алексис Стоун болғаны туралы. Ол грим мен арнайы маскалардың көмегімен кез келген жұлдызға айнала алатын шебер трансформациясымен танымал.

Стоун әлеуметтік желідегі парақшасында дәл «жаңа Керридікіне» ұқсас маска, тіс және париктің суретін жариялап, «Алексис Стоун Париждегі Джим Керри рөлінде» деген қысқа жазба қалдырған. Бұл жазба күдікті одан сайын үдетті.

Неге жұрт сеніп отыр?

Жанкүйерлер бірнеше «дәлел» келтіреді:

  • Көздері – бұрынғы Керридің көзі қоңыр болса, салтанатты кеште жарықтау көрінген;
  • Мимикасы – «резеңке бетімен» танылған актер бұл жолы өте сабырлы, қимылсыз болған;
  • Тістері мен дауысы – кей көрермендер тіс пішіні мен дауыс ырғағы өзгергенін байқаған;
  • Сирек көрінуі – ұзақ уақыт бойы көпшілік алдына шықпаған актердің дәл осы сәтте оралуы көпшілікке тосын көрінген.

Әзірге бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ. Дегенмен, сарапшылар мұндай қауесеттердің жұлдыздардың сырт келбетінің өзгеруіне, жас ерекшелігіне немесе косметикалық процедураларға байланысты жиі туындайтынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз