Шаруаларға арналған жеңілдетілген дизель бір жылда 30 теңгеге қымбаттады

Көктемгі егіс жұмыстарына арналған жеңілдетілген дизель отынының бағасы литріне шамамен 30 теңгеге қымбаттап, биыл 281 теңгені құрады. Бұл туралы Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен көктемгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штаб отырысында хабарланды.
Кездесуде шаруаларды жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Егіс жұмыстарына 281 теңге бағамен 402 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Өткен жылы жеңілдетілген баға шамамен литріне 254 теңге болған, яғни қазір 27 теңгеге жоғары.
Сондай-ақ аграрлық сала өкілдерінің өтініші бойынша көктемгі жұмыстарға арналған арзандатылған дизель отынын алдын ала – күз мезгілінен бастап, жеңілдетілген қаржыландырумен қатар бөлу мүмкіндігі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары бұл мәселені Энергетика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп пысықтауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беру үшін 700 млрд теңге бөлінеді. 2026 жылға арналған егіс құрылымы да бекітілді. Жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық.