Жаңалықтар

Бюджеттен артық ақша алу үшін жол сапасын нашар көрсететін өңірлер бар – министр

Фото: kursiv.media архиві

Батыс Қазақстан облысында жергілікті билік бюджеттен қосымша қаржы алу үшін жолдардың сапасын нашар деп көрсеткен. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министр елдегі автокөлік жолдарының 94%-ы нормативтік талаптарға сай екенін айтты. Алайда Батыс Қазақстан облысында нормативтік көрсеткіштердің төмен екені байқалады.

«Кейбір жағдайларда бұл тәсіл қосымша қаржы тарту мақсатында қолданылуда. Соның нәтижесінде халық саны Жамбыл облысынан шамамен екі есе аз бола тұра, қаржыландыру көлемі алты есе жоғары қалыптасқан: оңтүстік өңірде 4 млрд теңге, ал Батыс Қазақстан облысында 24 млрд теңге», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Министр мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында 695 мың адам тұрады. Жолдарының ұзындығы 4,8 мың км, ал бөлінетін қаржы көлемі – 24 млрд теңге. Ал Жамбыл облысы-нда 1,2 млн адам тұрады, жолдарының ұзындығы 3,1 мың км, ал қаржы көлемі – 4 млрд теңге.

Айта кетейік, Қазақстанда жол нашар деп 60 мыңға жуық азамат шағым қалдырған.