
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қазақстандағы коммуналдық нысандардың жеке қолға өтіп кетуін тексеруді сұрайды. Парламент өкілі ауызсу тарифтерінің дұрыс белгіленгеніне күмән келтіреді.
Су бағасын негізсіз көтерді
4 наурызда Бақытжан Базарбек жекеменшік компанияларға өткен коммуналдық нысандар туралы депутаттық сауал жолдады. Парламент төрінде оқылған хат премьер-министрі Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.
Депутаттың мәліметінше, Қазақстанның он өңірінде ауызсу желілелері жеке қолға өткен.
«Су жүйесінің мемлекеттік емес заңды тұлғалардың қолында қалып, олардың бенефициарлары халыққа ауызсу жеткізуде шексіз монополист болып алды. Ауызсуға коммуналдық тарифтерді көтеріп, бәсеке жоқ уақытта халықтың есебінен байып жатыр», – деп мәлімдеді Базарбек.
Мәжіліс өкілі ірі қалаларда су шаруашылығын басқарып отырған бірнеше компанияны атады.
- Павлодар қаласы – «Павлодар-Водоканал»;
- Теміртау қаласы – «Аква Трейдинг»;
- Қаскелең қаласы – «Қаскелең Ж»;
- Шығыс Қазақстан – «Восток Энерго»;
- Шахтинск қаласы – «Шахтинск Водоканал», «Водоканал Новодолинск»;
- Солтүстік Қазақстан – «Булаев Су»;
- Алматы қаласының Бостандық, Наурызбай аудандары – «Орхан» (қазір «ГПВ Водснаб»).
Су патшасына шағым көп
Депутат Алматы қаласында су шаруашылығын басқарып отырған компанияға ерекше тоқталып өтті.
«Осы аудандардың (Бостандық, Наурызбай аудандары) тұрғындары мемлекеттік органдарға ондаған арыз түсіріп, су тарифінің шамадан тыс жоғары, қызмет сапасы төмен екеніне шағымданды. Қала тұрғындары су құбырлары жөнделмегеніне де наразы», – дейді Базарбек.
Оның айтуынша, елдің басқа да өңірлерінде осыған ұқсас жағдай қалыптасып отыр.
eGov мәліметінше, бұрынғы «Орхон», қазіргі «Городское предприятие водоснабжения Водснаб» компаниясының жалғыз құрылтайшысы бар – Хамедова Мехрибан Ядуллақызы. Ол экс-депутат Абилфас Хамедовтің әйелі. Ол 2021 жылы парламентке Қазақстан халқы Ассамблеясының тізімімен кіріп, заң шығарушы органда 2023 жылға дейін отырған. Бұған қоса Хамедов «Әзербайжандар қауымдастығына» төрағалық етеді.
Премьер мен Бас прокуратураға сауал жолдаған Бақытжан Базарбек ауызсу нысандарына сараптама жасап, олардың өңірлерде жеке қолға өтуін тексеруді сұрайды. Бұған қоса, депутат су тарифтерінің қаншалықты орынды екенін, сонымен бірге желілердің техникалық жағдайын тексеруді талап етіп отыр.
«Заң бұзылғаны анықталса, стратегиялық нысандарды мемлекетке қайтару жөнінде сот органдарына шағым түсірсін», – деп түйіндеді Базарбек.