
Қазақстанның Дубайдағы консулдығы қызметкерлері бір топ азаматты Оман арқылы елге алып келе жатыр. Сейсенбі, 2 наурыз күні таңертең дипломаттар мен ел азаматтары, барлығы 278 жолаушы Масқат қаласына автокөлікпен жолға шықты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлайды.
СІМ мәліметінше, Оман астанасында Алматы-Масқат-Алматы бағыты бойынша екі рейс жоспарланған. Консулдық қызметкерлері Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман шекарасынан азаматтарды жылдам өткізуге көмектеседі.
Кейін Масқат арқылы Алматы қаласына 189 қазақ азаматынан тұратын екінші топ ұшып шығады. Осылайша, СІМ дерегінше, Қазақстанның Дубайдағы 467 азаматы елге оралады.
Әуе рейстерінен бөлек құрлықпен де эвакуация ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, Қазақстанның Тегеран, Ашхабад және Горгандағы мекемелері Иран-Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» өткізу пункті арқылы 15 қазақ азаматының кедергісіз өтуіне көмектесті. Олар әрі қарай Ақтау қаласына жетті.
Сонымен бірге Тегеран және Еревандағы дипломаттар Иран аумағынан «Заркух» компаниясының 35 қызметкерінің Иран-Армения шекарасы арқылы автобуспен шығуына жәрдем көрсетті.
Қазақстанның өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін сол жерде жұмысты үйлестіруді жалғастырып, азаматтармен байланыс ұстап отыр.