
Аятолла Әли Хаменеидің ұлы Сейед Моджтаба Хосейни Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көсемі қызметіне сайланды. Бұл туралы Deutsche Welle басылымының Ирандағы бір дереккөзі хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, 88 шиит дінбасынан тұратын кеңес осындай шешім қабылдады. Дегенмен Иран билігі мен мемлекеттік ақпарат құралдары мәліметті ресми түрде растаған жоқ.
DW дереккөзінің айтуынша, Ислам революциясы сақшылары корпусының қысымымен үлемдер кеңесі Моджтаба Хаменеиді жоғары қызметке сайлауға мәжбүр болған.
Қазір Иранды үш адамнан тұратын кеңес уақытша басқарып отыр. Олар: президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хоссейн Мохсени-Эджеи және Конституция сақшылары кеңесінің мүшесі Әлиреза Арафи.
Хаменеидің қазасы
Иранды 36 жыл билеген аятолла Әли Хаменеи 2026 жылғы 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль соққысынан қаза тапты. Тегеран оның өлімін шамамен бір тәуліктен кейін растады.
Жоғарғы көсемді ислам құқығының мамандары саналатын 88 діндардан тұратын кеңес сайлайды. Кеңес мүшелерін халық сегіз жыл сайын таңдайды. Осындай сайлау соңғы рет 2024 жылы өткен.
Жаңа көсем
Сейед Моджтаба Хосейни Хаменеи 1969 жылғы 8 қыркүйекте Мешхедте туған. Әли Хаменеидің екінші ұлы. Қасиетті Құм қаласындағы діни орталықта дәріс береді.
Оның саясаткерлер мен әскерилер арасында беделі басым. Соған байланысты сарапшылар Моджтаба әкесінің орнына жоғары қызметке отыруы мүмкін деп топшылаған.