Ирандағы ахуал шиеленіскен тұста қазақ сарбаздары Каспийде жаттықты

Таяу Шығыстағы ахуал шиеленіскен уақытта, Қазақстан теңіз күштері Каспийде әскери оқу-жаттығу өткізіп жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлайды.
Әскери-теңіз күштері құрамындағы зымыранды-артиллериялық кемелердің экипаждары мен жеке дивизиондар Ақтау теңіз портында оқу-жаттығу өткізді. Сынақ барысында экипаж дайындығы пысықталды.
Жауынгерлер төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру, теңіздегі диверсияға тойтарыс беру тапсырмаларын орындады.

Оқу-жаттығу барысында экипаждың үйлесімді іс-қимылына, шұғыл шешім қабылдауына, кемені қорғау шараларының тиімділігіне баса назар аударылды.
«Тексеріс қорытындысы бойынша жеке құрам жоғары кәсіби дайындығын танытып, шектеулі ресурстар жағдайында тез және ұйымдаса әрекет ету қабілетін көрсетті», – деп таратты министрлік.
Жаттығудың келесі кезеңінде жауынгерлер теңізде, әуеде және жағалауда нысандарға зымырандық және артиллериялық соққы жүргізуді пысықтайды. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері атыс жаттығуларын орындауға осы айда кіріседі.