Жаңалықтар

Ирандағы ахуал шиеленіскен тұста қазақ сарбаздары Каспийде жаттықты

Қазақстан теңіз күштері Каспийде жаттығу өткізді
Теңіз күштері Каспийде әскери оқу-жаттығу өткізді / фото: Қорғаныс министрлігі

Таяу Шығыстағы ахуал шиеленіскен уақытта, Қазақстан теңіз күштері Каспийде әскери оқу-жаттығу өткізіп жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлайды.

Әскери-теңіз күштері құрамындағы зымыранды-артиллериялық кемелердің экипаждары мен жеке дивизиондар Ақтау теңіз портында оқу-жаттығу өткізді. Сынақ барысында экипаж дайындығы пысықталды.

Жауынгерлер төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру, теңіздегі диверсияға тойтарыс беру тапсырмаларын орындады.

Қазақстан теңіз күштері Каспийде жаттығу өткізді
Әскери кеме экипажы теңіздегі диверсияны тойтаруға жаттықты / фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу-жаттығу барысында экипаждың үйлесімді іс-қимылына, шұғыл шешім қабылдауына, кемені қорғау шараларының тиімділігіне баса назар аударылды.

«Тексеріс қорытындысы бойынша жеке құрам жоғары кәсіби дайындығын танытып, шектеулі ресурстар жағдайында тез және ұйымдаса әрекет ету қабілетін көрсетті», – деп таратты министрлік.

Жаттығудың келесі кезеңінде жауынгерлер теңізде, әуеде және жағалауда нысандарға зымырандық және артиллериялық соққы жүргізуді пысықтайды. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері атыс жаттығуларын орындауға осы айда кіріседі.