Жаңалықтар

IT саласын нөлден бастап меңгергісі келетін әйелдерге арналған жобалар

IT-Aiel және AqylTech жобасына тіркелу 4 наурызда басталды/фото: shutterstock

Елде ақпараттық технологиялар саласын нөлден бастап меңгергісі келетін әйелдерге арналған жобалар бар. Соның бірі – IT-Aiel жобасы. Жоба аясында үш жыл ішінде 21 мыңнан аса әйел білім алған.

Екінші жоба – AqylTech. Жоба 2025 жылы іске қосылды. Оның аясында қаржылық сауаттылық, киберқауіпсіздік негіздері және жаңа ЖИ мамандықтары оқытылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Aqyl Tech жобасына қатысқан 6 264 адам сертификат алды, ішінде 1,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Жобаға 18-36 жастағы жастар қатыса алады.

Жоба биыл да жалғасады

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Гүлмира Қанайдың сөзінше, IT-Aiel жобасына қатысқысы келетіндердің жасына шектеу қойылмаған.

«Ауылдық жерде интернет сапасына қатысты үлкен кедергілер бар. Екінші мәселе – цирфлық сауаттың төмен болуы. Бір кісі қалай қосу, қалай іздеу керек екенін білмеуі мүмкін. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – арнайы платформада курстардың сақталуы. Яғни, курс жүріп жатқан кезде интернет істемей қалса, видеолар сақталады. Сол жерде қарап, тыңдап, сертификатын алуға болады», – дейді Гүлмира Қанай.

Жобаға қатысушының IT саласында білімі бар-жоғына назар аударылмайды. Бәрі нөлден басталады.

«Базалық білімді үйретеді, яғни нөлден басталады. Әйел әрі қарай мамандықты игеремін десе, курсты жалғастыра алады. Қатысушылардың дағдыларын дамытып, жаңа мамандыққа ие болу мүмкіндігі бар», – дейді ол.

Жоба жастар мен әйелдер қосымша табыс табуы үшін іске асырылып жатыр.

«Жоба 2025 жылы мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен жүзеге асырылды. Ол жерде азаматтық қолдау орталығы бар. Үш жылға жоспарланған жобаның бір жылына 40 млн теңгеден бөлінген», – дейді жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.

Жобаға қалай тіркелуге болады

Мамандардың айтуынша, IT-Aiel жобасына биыл екі жаңа мамандық қосылды: вайб-кодинг және AI-бейнекреатор. Сондай-ақ электрондық коммерция курсы жақсартылған.

Тіркелу үшін @technowomenkz Instagram парақшасына өту қажет. Одан бөлек Ұлттық комиссияның, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының парақшаларында және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында жарияланған.

AqylTech бағдарламасы

AqylTech бағдарламасы 17 өңірдің жастарына, соның ішінде ауыл мен моноқалаларға, Астана, Алматы және Шымкент қалаларына бағытталған. Қарыз жүктемесін азайту, цифрлық дағдыларды дамыту және ЖИ құралдары арқылы табыс табу мүмкіндіктерін қалыптастыруға басымдық берілген.

Тіркелу үшін @itaiel_aqyltech Instagram парақшасына өту қажет.

Жобаға қатысу үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Сертификат алу үшін үш ай бойы оқу қажет. Аптасына екі рет вебинарлар, кәсіби спикерлермен онлайн-воркшоптар өтеді.