Азық-түліктің қымбаттауын салықтың көтерілуінен көре берудің қажеті жоқ – Жұманғарин

Вице-премьер Серік Жұманғарин елде азық-түліктің қымбаттауын тек қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуінен көре беруге болмайды деп мәлімдеді.
Журналистер Мәжіліс кулуарында «азық-түлік күн сайын қымбаттап жатыр, халық не істеуі керек» деп сұрады.
Жұманғариннің түсіндіруінше, бағаның көтерілуіне ҚҚС-тың әсері болғанымен, мәселені жан-жақты қарастыру қажет.
«Қазақстан өзін бүкіл азық-түлік түрімен қамтамасыз етпейтінін білесіздер. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 70-90 пайызын өзіміз шығарамыз. Ал бұл тізімге кірмейтін өнімдерді сатып алатындар, оның сырттан келетінін түсінуі керек. Әлемдік нарықта баға көтеріліп келеді. Әлемдік нарықта отандық тауар бағасы қымбаттап жатыр, сұраныс жоғары, сондықтар шаруалар өнімін шетелге сатып, табыс тапқысы келеді. Біз оларға шектеу қоя алмаймыз», – деді ол.
Министрдің айтуынша мәселені шешудің жалғыз жолы – отандық өндірісті дамыту. Үкімет қазір соған басымдық беріп отыр.