
Ормұз бұғазының жабылуы туралы сөз қозғалғанда, көпшіліктің ойына бірден мұнай мәселесі келеді. Алайда экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, бұл тар теңіз дәлізінің әлемдік экономикаға ықпалы әлдеқайда ауқымды.
Бұл бұғаз – энергетика нарығын аграрлық тізбектермен байланыстырып, жанармай, тыңайтқыш және азық-түлік құнына бір мезетте әсер ететін стратегиялық торап.
Маңызды энергетикалық дәліз
Қазіргі кезде теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың 20-25%-ы және сұйытылған табиғи газдың (СТГ) шамамен 20%-ы дәл осы Ормұз бұғазы арқылы өтеді.
Сауд Арабиясы, Қатар, БАӘ, Кувейт және Иран сияқты мұнай алпауыттарының өнімі әлемдік нарыққа осы жол арқылы шығады. Қысқа мерзімді болашақта осы бұғаз арқылы тасымалданатын шикізат көлемін алмастыратын балама бағыт жоқтың қасы.
Алайда сарапшының айтуынша, бұғаздың маңызы тек мұнаймен шектелмейді. Табиғи газ – азотты тыңайтқыштар өндірісіндегі негізгі химиялық шикізат. Габер-Бош процесінде ол аммиак синтезі үшін сутегі көзі ретінде де, өнеркәсіптік өндіріске қажетті жылу энергиясы ретінде де қолданылады.
Нәтижесінде, карбамидтің өзіндік құнының 70-90%-ы тікелей газ бағасына тәуелді.
Еуропа мен Азия тұтынатын газдың басым бөлігі Парсы шығанағынан сұйытылған газ түрінде түрінде жеткізілетіндіктен, транзиттің шектелуі алдымен газ бағасына, содан соң тыңайтқыш нарығына соққы боп тиеді.
Аграрлық тізбек пен фосфат
Аграрлық сектордың екінші маңызды бөлігі – фосфатты тыңайтқыштар (DAP және TSP). Олар фосфатты жыныстардан өндіріледі. Бұл – ресурстарды өңдеу энергияны көп қажет ететін күрделі процесс.
Фосфатты тыңайтқыш өндірушілері – Сауд Арабиясы, Иордания және Мысыр. Бұл өнімдердің экспорты да тұрақты теңіз логистикасы мен қолжетімді энергияға байланған. Сондықтан Ормұз географиясы аграрлық ресурстар нарығының тамырын ұстап тұр деуге негіз бар.
Парсы шығанағы аймағы арқылы тыңайтқыш саласындағы үлесі қомақты:
- Күкірт саудасының шамамен 44%-ы;
- Карбамидтің (мочевина) 31%-ы;
- Аммиактың 18%-ы;
- Фосфаттардың 15%-ы.
Бұл көрсеткіштер Ормуздағы транзиттік шектеулердің энергия, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы өндірісінің құнына бірдей әсер ететінін дәлелдейді.
Ормұз бұғазындағы жағдайдың Қазақстанға ықпалы туралы Руслан Сұлтанов былай дейді:
«Қазақстан үшін тыңайтқыш бағасының өсуі ауыл шаруашылығы шығынын арттыруы мүмкін. Астық секторы негізгі экспорттық салалардың бірі саналатын ел үшін мұндай құбылмалылық өндірістің өзіндік құнына, баға динамикасына және аграршылардың табысына әсер етеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Ормуз географиясы Қазақстандағы инфляцияға да, еліміздің экспорттық мүмкіндіктеріне де жанама түрде ықпал ететін факторға айналады», – дейді ол.
Иран Ормұз бұғазын жауып, ол арқылы өтуге талпынған кез келген кемеге оқ жауырып, теңізге батыруға уәде берген.