Мұнай қымбаттады: үкімет бюджет жоспарын қайта қарай ма

Әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуі байқалғанымен, Қазақстан үкіметі ел бюджетін қайта қарауға ниетті емес. Вице-премьер Серік Жұманғариннің пайымдауынша, қалыптасқан жағдай әзірге мемлекеттің негізгі қаржы құжатын өзгертуге негіз бола алмайды.
«Бюджетті қайта қарауға негіз жоқ, Мұнайдың қымбаттауы қаншалықты тұрақты екені және олардың немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Қазір бізді алдағы уақыттағы мұнай бағасы емес, мәселенің гуманитарлық жағы көбірек алаңдатады. Біз бұл қақтығыстың тезірек аяқталып, тараптардың бейбіт келісімге келгенін қалаймыз. Бізде Иранмен ЕАЭО аясында еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылған. Сондай-ақ, Парсы шығанағындағы барлық елдермен белсенді сауда-саттық жүріп жатыр», – деді ол.
Айта кетерлігі, 2026 жылға арналған республикалық бюджетте мұнайдың баррелі 60 доллар деңгейінде бекітілген.
Дегенмен, соңғы күндері биржада қара алтын бағасы 83–85 долларға дейін көтеріліп, соңғы екі жылдағы рекордты жаңартты.
Қазақстан үшін мұнайдан түсетін табыс маңызды болғанымен, ресми Астананы қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы, соның ішінде Иран төңірегіндегі жағдайдың гуманитарлық аспектісі көбірек алаңдатады.