
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарға қатысты қылмыстық саясатты қайта қарауды ұсынды. Ол бұл туралы Бас прокурорға ресми сауал жолдаған.
Депутаттың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша тіркелген істер жыл сайын көбейіп келеді: 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы – 141 іс. Былтыр осы баппен 26 адам сотталған.
«Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс ретінде қарастырмайды. Қатаң жауапкершілік, негізінен, террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады», – дейді депутат.
Депутат «соғыс аймағына ешкім себепсіз бармайды» дейді. Кейбірі жұмыс іздеп, кейбірі алдану немесе мәжбүрлеу салдарынан кеткен болуы мүмкін. Ол елге оралып, өкініш білдірген азаматтарға қазіргі заңдағы қатаң санкциялар кедергі болып отыр деп есептейді.
Осыған байланысты депутат:
- ҚК-нің 170-172 баптарын қайта қарап, нақтылауды;
- террористік ұйымдарға қатысы жоқ, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен оралған азаматтарға шартты жаза, пробация немесе балама жаза қолдану тетігін енгізуді;
- елге қайтқандарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік оңалту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Еске салсақ, бұған дейін Украинаға қарсы 2 мыңға жуық қазақстандық соғысып жүргені хабарланған.