Полиция өтінішінің әсерінен жүргізуші куәлігінен айырылған азамат сотта жеңіп шықты

Қостанай облысында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы мас күйде көлік басқарды деп танылған қала тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады.
Оқиға биылғы жылдың ақпан айында болған. Полиция қызметкерлері көпқабатты үйдің ауласына дұрыс қойылмаған көлікке қатысты шағым түсуіне байланысты келген. Олар көлік иесінен автокөлікті басқа жерге қоюды талап еткен. Кейін жүргізушіден алкоголь иісі шыққандықтан, оған медициналық тексеруден өту ұсынылған.
Сараптама нәтижесі жеңіл дәрежедегі масаң күйді көрсеткен. Осыған байланысты жүргізушіге мас күйде көлік басқарғаны үшін тағы бір хаттама толтырылып, іс сотқа жолданған. Сот оны кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырған.
Алайда апелляциялық сот көлікті ер адам полиция қызметкерлерінің тікелей нұсқауымен қайта қойғанын анықтады. Сотта тәртіп сақшылары оның масаңдық белгілері бар екенін біле тұра, автокөлікті жылжытуды талап еткені атап өтілді.
«Апелляциялық сатыдағы сот бұл жағдайда лауазымды тұлғаның міндетті өкімін орындау орын алған деген қорытындыға келді. Міндетті бұйрық немесе өкімді орындау барысында жасалған әрекет әкімшілік құқық бұзушылық болып саналмайды. Осыған байланысты М.-ның әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ», – делінген сот хабарламасында.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың қаулысын күшін жойды. Іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылды.
Қаулы заңды күшіне енді.