
Қарағанды облысында Донецк Халық Республикасында жасалды деген кәмпиттер сатылып жатыр. Бұл жайлы адвокат Рашид Қойлыбаев Threads-тегі парақшасында жазды.
Кәмпиттің сыртқы қорабында «Өндіруші: «Донко» ЖШС, Ресей, Донецк Халық Республикасы» деп жазылған. Жазба астындағы пікірлерде тауардың ЕАЭО сертификациясына өтпегенін, нұсқаулық тек орыс тілінде жазылғанын, мемлекеттік тілдегі мәтін жоқ екенін де айтады.
Жазба желіде кең таралып кеткеннен кейін, Сауда және интеграция министрлігі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Қарағанды облысындағы Тұтынушылардың құқығын қорғау және сауда департаменті осыған қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. Кәмпит сатылған дүкен иелері тауарды сөреден алып тастаған, олармен түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Министрліктің мәліметінше, егер тауарда қазақ тіліндегі ақпараты болмаса ол таңбалаудағы қателік деп саналады және өндірушіге заң аясында шара қабылданады.
Бұл неге маңызды?
«Донецк Халық Республикасы» – Украинаның Донецк облысы аумағында 2014 жылы жарияланған құрылым. Сол жылы елде билік ауысқаннан кейін («Еуромайдан») жаппай наразылықтар басталды. Донецк қаласындағы белсенділер Украина құрамынан шығатындарын мәлімдеп, «тәуелсіз республика» жариялады.
Бірақ халықаралық деңгейде бұл аумақ Украинаның құрамдас бөлігі, уақытша басып алынған жер деп есептеледі. Қазақстан да Донецк Халық Республикасын мойындамайды. Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Санкт-Петербургтегі форумда Донецк және Луганскте құрылған республикаларды «квазимемлекеттік аумақтар» деп атап, Қазақстанның оларды ел ретінде танымайтынын ашық мәлімдеген.