
Қазақстан мектептерінде отбасылық дәстүрлерді насихаттайтын және ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын сабақ өтеді.
Әңгіме жүйелі жұмыс жасайтын «Даналық мектебі» отбасылық тәрбие клубтары туралы болып отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, «Даналық мектебі» клубы отбасы мен мектеп серіктестігін нығайтады.
«Клуб отбасы мен мектеп арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуге, ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыруға және ұлттық тәрбие құндылықтарын сақтауға бағытталған алаң ретінде қызмет етеді», – делінген ақпаратта.
Клуб жұмысы аясында «Әке өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы» бағыттары бойынша кездесулер, тренингтер және тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі.
«2025-2026 оқу жылының басынан бері клуб аясында шамамен 33 мың іс-шара ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында сабақтардың мазмұны заманауи тәрбиелік міндеттерді ескере отырып жаңартылды», – делінген министрлік мәліметінде.
Мұның алдында қазақстандық оқушылар республикалық ғылыми жобалар конкурсына мыңға жуық жоба ұсынатыны хабарланды.