Қазақстан Трамптың Бейбітшілік кеңесіне қосылу үшін 1 млрд доллар төледі ме

Қазақстан Трамп құрған Бейбітшілік кеңесіне қосылу үшін жарна төледі ме? Бұл сұраққа Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев жауап берді.
«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылай жарнасыз қосылды. Жарғыда көрсетілген ерікті жарна мүше болу шарты емес. Бұл әрбір қатысушының дербес құқығы», – деді ол.
Жетібаев ұрыс болып жатқан аймақтарға әскери контингент жіберуге қатысты да пікір білдірді.
«БАҚ-та әскери контингент жіберу туралы мәселелер талқыланып жатқанын білеміз. Ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, далалық госпиталь бар медициналық бөлімшелер, азаматтық әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберу мүмкіндігі қарастырып жатыр. Яғни операцияның тек гуманитарлық құрамдас бөлігі туралы айтылып тұр», – деді СІМ өкілі.
Еске салайық, өткен айда Тоқаев ресми сапармен Вашингтонға барып, Трамп құрған Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысты. Салтанатты шарада президент сөз сөйлеп, Трампқа Бейбітшілік сыйлығын беру керек деген ұсыныс айтты. Алдағы бес жыл ішінде палестиналық студенттерге 500 оқу грантын бөлетінін де мәлімдеді.
Бейбітшілік кеңесі осы жылы қаңтарда құрылды. Трамп сөзінше, оған тұрақты мүше болу үшін әр ел 1 млрд доллар көлемінде жарна төлеуі керек.