
Чжи Чэн есімді азамат 2 наурызда өткен акционерлердің жалпы жиналысының тиісті шешіміне сәйкес «Матен Петролеум» мұнай-газ компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор болып тағайындалды (сайланды). Бұл туралы компания хабарлады.
Сонымен қатар, директорлар кеңесінің құрамынан тәуелсіз директор Делатур Грейс Фан шығарылды. Осылайша мұнай компаниясының директорлар кеңесінің құрамына Чжан Дин, Вань Вэй және Чжи Чэн кіріп отыр.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Матен Петролеум» акцияларының 99,07%-ы нидерландылық Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. компаниясына (қытайлық Hainan Zhenghe Industrial Group компаниясының «еншілес» ұйымы) тиесілі. Ал 2024 жылғы 31 желтоқсанда Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. компанияның 98,974% акциясына, ал қазақстандық кәсіпкер Бахаридин Аблазимов 1,026% акциясына иелік еткен (бұған дейін оған «Матен Петролеум» акцияларының 3,3%-ы тиесілі болған, 2026 жылдың басындағы үлесі көрсетілмеген, алайда ол компанияның 2025 жылға арналған қаржылық есептілігінде кейінірек көрсетілуі мүмкін). Аблазимов Forbes нұсқасы бойынша байлығы 295 млн АҚШ долларын құрайтын Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 36-орында тұр.
«Матен Петролеум» компаниясының түпкі бенефициары – Хуэй Линг. Ол сондай-ақ 2026 жылғы ақпанда Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. арқылы көмірсутектерді сынамалық өндіру келісімшартына көшкен бірнеше кен орнын игеріп жатқан қазақстандық Sozak Oil and Gas мұнай-газ компаниясының ірі акционері (10% және одан көп акция) атанды.
«Матен Петролеум» компаниясының 2024 жылғы кірісі 2023 жылғы 162,5 млрд теңгемен салыстырғанда 127,4 млрд теңгені құрады. Пайдасы тиісінше 12,1 млрд теңге және 38 млрд теңге болды. 2024 жылдың соңында компанияның бөлінбеген пайдасы 142,4 млрд теңгені құрады.
Компания Атырау облысында орналасқан бірқатар кен орындары бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарттарға ие. Атап айтқанда, Қара-Арна кен орнындағы көмірсутектерді өндіру келісімшарты 2038 жылғы 16 сәуірге дейін, Көкарна Шығыс кен орнындағы келісімшарт 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін, ал Матин мұнай-газ кен орнын игеру жөніндегі келісімшарт 2043 жылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды.
2015 жылғы 12 тамызда «Матен Петролеум» «КоЖан» мұнай-газ компаниясының 100% акциясын 340,5 млн АҚШ долларына сатып алды. «КоЖан» компаниясына Морское, Даулеталы және Каратал мұнай кен орындарында көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі келісімшарттар тиесілі. Аталған келісімшарттардың барлығы 2034 жылғы 17 ақпанға дейін қолданыста.
2024 жылғы 14 қарашада «Матен Петролеум» Priority Oil&Gas компаниясының жарғылық капиталына 3,05 млн АҚШ долларын салып, нәтижесінде оның 99,9933333% үлесін иеленді. Ал 2024 жылғы 2 желтоқсанда Priority Oil&Gas компаниясының қалған 0,0066667% үлесін 191,39 АҚШ долларына басқа қатысушы – осыған дейін Priority Oil&Gas компаниясының жалғыз иесі болған кәсіпкер Рамиль Кимуровтан сатып алды. Priority Oil&Gas компаниясы Пустынное кен орнында көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартқа ие, бұл келісімшарт 2048 жылғы 2 қарашаға дейін күшінде.