Жаңалықтар

Шымкентте 4 адам газдан уланып қайтыс болды

Жедел жәрдем қызметінде жүрген Қытай көліктері Астананың аязында сына берген
Шымкентте 4 адам газдан уланып қайтыс болды / Фото: Shutterstock

Шымкенттегі Байтұрсынов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен 4 адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, олар газдан уланып қалған болуы мүмкін.

Қайғылы оқиға 5 қабатты тұрғын үйде болған. Бір күнде үш пәтерден төрт адамның денесі табылған. 4 қабаттағы екі пәтерден үш адамның мәйіті шыққан. Үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде студент қыз қайтыс болған. Қайтыс болғандардың үлкені – 32 жаста, кішісі 17 жаста. 32 жастағы келіншектің артында 3 баласы қалған.

Олардың денесін алу үшін төтеншеліктер пәтер есігін бұзуға мәжбүр болды.

Марқұм келіншектің танысы Ислам Файзуллаевтың сөзінше, иіс шыққанына 3 күн болған. Тұрғындар иістен әлсіреп, ұйқы қысқанын айтқан.

«Түн ортасында студент қыздың денесін алып шықты. Мәйітін жуынатын бөлмеден тапқан. Екінші пәтердегі жолдас жігітім отбасымен тұратын. Оның келіншегі жанталасыпты. Барынша аман қалуға тырысып, шығуға әрекет жасағанымен жан тапсырған. Оның жанында болған қарындасы сол күні ауырып, сабаққа бармаған екен. Ол да қайтыс болды», – дейді Ислам Файзуллаев.

Марқұмдардың жаназасын туыстары бүгін шығарды. Көршілерінің сөзінше, көпқабатты тұрғын үйге табиғи газ тартылған. Одан жиі ақау шыққан. Тұрғындар бірнеше рет тиісті мекемелерге хабарласқанымен, нәтиже болмаған.

Қайғылы жағдайға байланысты қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты газ инспекциясы әзірге ақпарат бермеді. Ал полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету жайты бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесімен іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген қалалық полиция департаментінің хабарламасында.