Жаңалықтар

Тоқаев қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды

Акорда
Тоқаев тапсырма берді/фото: Асқар Ахметуллин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Президент премьер-министрге, күштік құрылымдардың басшыларына, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялардың жетекшілеріне, сондай-ақ аймақ әкімдеріне тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың, көлік, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның, соның ішінде әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды», – деп жазды Смадияров.

Бұл жұмысты үйлестіру Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысына жүктелді.

Бұған дейін президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отырғаны айтылды.

Таяу Шығыстағы ахуал

28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасы 1 наурызға қараған түні ғана ресми түрде расталды.

Сонымен бірге, Иран армия қолбасшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде мерт болғанын растады.

Аятолланың қызметін уақытша Әлиреза Арафи атқаратын болды.

Иранның ықпалды шенеунігі Америкадан кек алуға ант берді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң ескерту жасады.

Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.

Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақүй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.